Ауыл мәселесін аудан әкіміне, мәслихатқа жанашырлықпен жеткізетін адам керек - Рахымбеков

25 Шілде 2021, 20:13
1938
Бөлісу:
Ауыл мәселесін аудан әкіміне, мәслихатқа жанашырлықпен жеткізетін адам керек - Рахымбеков

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі Төлеутай Рахымбеков бүгінгі өтіп жатқан ауыл әкімдерінің сайлауына қатысты пікірін білдірді.

Баршаңызға мәлім, 2020 жылы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сайлау туралы айтқан болатын. Енді биыл алғаш рет ауылдық, ауыл округтік кенттердің және аудандық маңызы бар қаланың әкімдерін тікелей сайлау арқылы тағайындау болып жатыр. Бұл сайлаудың ерекшелігі - Қазақстанның 30 жылдық Тәуелсіздігі ішінде болып жатқандығында, - деді Төлеутай Рахымбеков.

Ол осы күнге дейін әкімдерді тағайындау пилоттық жоба ретінде болғанын атап өтті. Яғни ауылдық округтердің әкімдерін мәслихаттың депутаттары сайлайтын. Енді бүгін 800-ге жуық әкім сайланады. Қазақстанда жалпы саны 2 400-ге жуық облыс, қала, ауданның әкімі бар. Бүгін соның 800-ге жуығы сайлау арқылы өтеді.

Мен өзім «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары ретінде БҚО-да іссапармен болдым. Партия атынан сайлауға түскен үміткерлерді қолдау басты мақсатымыз болды. Үміткердің бірнеше ауылдық округтің тұрғындарымен кездесуінің куәсі болдық. Жергілікті тұрғындар сайлауға өте жоғары қызығушылық танытты. Әрине өз ауылының әкімін сайлау - бұл заң арқылы беріліп отырған құқық. Бір жағынан бұл тұрғындарға, сайлаушыларға өте үлкен жауапкершілік тудырады. Демек бұрынғыдай «біздің сөзіміз әкімге өтпейді», «ауылдың әкімін жоғарыдағы әкімдер тағайындайды және ол солардың алдында тәуелді, біздің алдымызда тәуелсіз» деп енді айта алмайды. Ауылдың жағдайын жақсартуға әкімнің қалай жұмыс істейтіні тұрғындарға, сайлаушыларға байланысты. Осыны ұмытпауды тұрғындарға айтып өттім, - деді ол.

Ауылдағы негізгі проблемаларға тоқталып өтті. Айтуынша, ауыз су, жолдың жағдайы, интернет мәселесі, әлеуметтік ғимараттар мен онда көрсетілетін қызметтердің сапасы – басты мәселелердің бірі.

Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спортқа енді әкімдер толығымен көңіл аударып, айналысуы керек. Ауылдың мәселелерін ауданның әкіміне, мәслихатқа жанашырлықпен жеткізетін адам керек. Әрине бір күнде ауылдың барлық мәселесі шешіле салады деп ойламаймын, оған біршама уақыт керек. Кейбір заңдарға, ережелерге өзгерістер енгізу керек. Жалпы бұл алғаш рет енгізіліп отырған тәжірибе дұрыс, - деді Төлеутай Рахымбеков.

Айта кетейік, ауыл әкімдері 4 жылға сайланады.

Өзгелердің жаңалығы