«Ауыл – ел бесігі»: Ауылдағы өмірді жақсартатын жоба іске асырылады

20 Сәуір 2021, 10:52
2523
Бөлісу:
«Ауыл – ел бесігі»: Ауылдағы өмірді жақсартатын жоба іске асырылады

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында ауылдарда өмір сүру деңгейін одан әрі арттыру үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыратындарын айтты. Министрі жоба аясында халықтың жағдайы қалай жақсаратыны туралы түсіндіріп берді.

Министрдің мәліметі бойынша бүгінгі күні ауыл халқының саны 7,7 млн адамды немесе еліміз бойынша халқымыздың жалпы санының 41%-ын құрады. Жұмыспен қамтылған ауыл халқының құрылымында ауыл шаруашылығы ең үлкен үлесті құрайды. Бұл - 28,2%.

 

Ауылдарда өмір сүру деңгейін одан әрі арттыру үшін министрлік «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіп жатыр. Жобаның мақсаты - инфрақұрылымдарды жаңғырту есебінен және оны жаңа өңірлік стандарттар параметрлеріне дейін жеткізе отырып,ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, - деді Ерғалиев.
 

 

Министрдің баяндауынша, 6 316 ауылдың ішінен даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл іріктелді, онда ауыл тұрғындарының 88%-ы тұрады. Бұл ауылдар демографиялық көрсеткіштерге, экономикалық белсенділікке, инфрақұрылымның жай-күйіне қарай іріктелді.

Осы жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 1,3 млн адам тұратын 480 ауылдың дамуына 105 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Ауылдық жерлердегі инфрақұрылым мәселерін шешу үшін 5 жылдың ішінде 800 млрд теңге бөлінеді. Бұл өз кезегінде 3,5 мыңнан астам ауылдағы 7 млн ауыл тұрғынының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, - деп айтты Ұлттық экономика министрі. 

Жалпы ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тәсілі 2025 жылға қарай ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын және әл-ауқатын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. 

Атап айтқанда, ауыл халқының сумен қамту қызметі 100% жетеді. Ауыл тұрғындары жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізіледі. Жергілікті маңызға ие жолдардың 95%-ы жақсы жағдайға жеткізіледі. 10 мың шақырым ауыл ішіндегі жолдар жөнделеді және салынады. Ауылдық жерлерде 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 110 мың жер учаскелері жеке тұрғын құрылысы үшін қажетті инфрақұрылыммен қамтылады, - деп түсіндірді Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында.  

Сонымен қатар 12 мың шақырым инженерлік желілер салынады және жаңғыртылады. Агроөнеркәсіп кешенінде 845 инвестициялық жобаны іске асыру ауылдарда 500 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Білім берудің сапасын және қол жетімділігін арттыру шеңберінде ауылдық жерлерде 5 мың мектепті жаңғырту және 315 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Барлық ауыл мектебі білікті педагогтармен қамтылады. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 100% мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылады, - деп атап өтті ол. 

Одан бөлек, ауылдарда спортпен айналысу және шығармашылық үйірмелерін дамыту үшін жағдай жасау мақсатында 1 719 спорт және 748 мәдениет нысаны салынып, жаңғыртылады. Денсаулық сақтау саласында 1 095 нысандарын салу және жаңғырту ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау жүйесінің сапасын және қол жетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ерғалиевтің сөзінше, бұл іс-шаралар ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартуға, табысын арттыруға және ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа серпіліс береді.

 

Өзгелердің жаңалығы