«Ауыл – ел бесігі» 6 млн тұрғынның жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді – Мамин

29 Сәуір 2019, 11:33
1921
Бөлісу:
«Ауыл – ел бесігі» 6 млн тұрғынның жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді – Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин дүйсенбідегі Үкімет отырысында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Жолдауында айтылған «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру арқылы ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымы жаңаратынын жеткізді.

«Бұл жоба бойынша 2025 жылға дейін 6,1 млн тұрғыны бар немесе барлық ауыл тұрғындарының 80%-ын құрайтын 200 жуық елді мекен қамтылады. Ауылдық елді мекендерді жаңғырту мақсатында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді көздейтін өңірлік стандарттар әзірленген. Басқармалы урбанизация ауылдарды жаңғыртуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды», - деді Мамин Үкімет отырысында.

Премьер жобаны іске асыру бойынша тәсілдерді мақұлдауды ұсынып, оны тиімді іске асыру үшін әріптестеріне тапсырмалар берді. 

«Әкімдер жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландыруды арттыру мүмкіндігін қарасын. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауыл инфрақұрылымын жаңартуға қаражат тарту мәселесін кәсіпорындармен бірлесіп қарастыру қажет. Туған ауылдарын көркейтуде меценаттармен белсенді жұмыс жүргізу қажет. Әрбір жоба, әрбір өңір бойынша жол картасын жасауды тапсырамын. Онда іске асыру мерзімдеріне жауапты адамдар нақты көрсетілуі керек. Әлеуметтік инфрақұрылым объектілері – мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау орындарын, елді мекендердегі жолдарды жөндеу жұмыстарын осы жылдың қыркүйегіне дейін аяқтау қажет. Жеңіс Махмұдұлы (Премьер орынбасары – авт), мәселені бақылау, үйлестіру сізге жүктеледі», - деп сөзін түйіндеді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, ҚР Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру мақсатында мемлекеттік бюджеттен 2019-2021 жылдарға 90 млрд теңге бөлу көзделгенін, оның ішінде осы жылға 30 млрд теңге қарастырылғанын айтты. 

Айта кетейік, Алматы облысында «Ауыл – ел бесігі» аясында 7 млрд теңгенің жобасы іске асырылады.
 
Өзгелердің жаңалығы