"Ауылдықтар" ауылдағыларға тегін маска таратып жатыр

26 Наурыз 2020, 14:47
2133
Бөлісу:
"Ауылдықтар" ауылдағыларға тегін маска таратып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында "Ауыл" халықтық – демокартиялық патриоттық партиясы медициналық маскаларды тегін таратып жатыр. Өңірдегі партия өкілдері әлемді әбігерге салып жатқан коронавирустан сақтық шаралары қиыр аудандар мен ауылдарда да қолға алынуы керек деп есептейді.

Бәріміз де ауылдан шыққанбыз. Ауыл халқы қала жұртындай бір жерде шоғырланбаған. Сондықтан да оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, керекті ақпараттарды да жеткізіп отыру керек. "Ауыл" партиясының Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, жеке кәсіпкер Руслан Жұмабеков тегін медициналық маска тарату бастамасын көтерді. Біз бұны қуана-қуана қолдаймыз. Күніне жүздеген масканы партия волонтерлары арқылы таратуды қолға алып жатырмыз. Бұл акциямыз Сайрам ауданында басталып, басқа аудандарда жалғасын табады деп жоспарлап отырмыз. Түркістан үлкен облыс. Екі миллионнан астам халқы бар. Осындай қысылтаяң кезде барлық азаматтар қолынан келгенше белсенді болу керек деп ойлаймын, – дейді "Ауыл" халықтық – демокартиялық патриоттық партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Нұржан Әжіметов malim.kz сайтына берген сұхбатында.

Түркістан облысында он бір аудан, жеті қала, он үш кент, жүз жетпіс бір ауылдық округ пен тоғыз жүз отыз екі ауыл бар. Партия мүшелері қалалы жерде медициналық маскалар тапшы болып жатқанда ауылды жерде қайдан болсын дейді.

Бүкіл әлем аты жаман аурумен күресіп жатыр. Әсілі, қазақ аурудың атын айтпайды ғой. "Әр қазақ менің жалғызым" деген сөз бар. Бір-бірімізге бауырмалдық танытатын кез келді. Өткенде мен Шымкент қаласындағы дәріханалардың бірінен отбасыма медициналық маска алмақшы болдым. Алты данасын алып, артыма бұрылсам бір қария тұр екен. Сол кісіге амалсыз қолымдағы маскаларды бердім. Сөйтіп өзім маскасыз қалдым. Сол сәтте неге медициналық маска шығармасқа деген ой келді. Цехым бар. Әрі денсаулық сақтау министрі Біртанов сәуір айының басында жұқпалы вирус өрши түседі деді. Осындай кезде шамамыз жеткенше үкіметтің бір жағына шығу керек, – дейді партия мүшесі, кәсіпкер Руслан Жұмабеков.

Ол әзірге күніне 100-200 медициналық масканы тігіп, оны халыққа тегін таратпақшы. Бірінші кезекте маскаларды Халыққа қызмет көрсету орталықтарықтарындағы қызметкерлерге таратады. Және Ордабасы индустриялды аймағындағы цехтардың жұмысшыларына да береді. Сайрам ауданының тумасы туған жеріне де дәл қазіргі кезде жұрт үшін аса кажет маскаларды жөнелтпекші. Сондай-ақ, бұл маскалар бір-ақ рет қана пайдаланылмайды. Жуып алып қайта пайдалана беруге болады.

Ресми деректерге сүйенсек Қазақстан бойынша 97  адам коронавирусты жұқтырған.

Өзгелердің жаңалығы