Ауыл әкімдерін сайлау ауылдағы ағайынға тың мүмкіндіктер береді – Ерлан Қарин

25 Шілде 2021, 14:16
1615
Бөлісу:
Ауыл әкімдерін сайлау ауылдағы ағайынға тың мүмкіндіктер береді – Ерлан Қарин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин пікір білдірді.

Бүгін Қазақстанда тұңғыш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтіп жатыр. Бұл – Мемлекет басшысы айтқандай, елімізде саяси жаңғырудың жаңа кезеңін ашатын өте маңызды оқиға. Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін тікелей сайлау бастамасын былтырғы Жолдауда айтты. Нәтижесінде, осы ұсыныстың жария етіліп, жүзеге асқанына дейін бір жылға жетпейтін уақыт өтті, - деді ол.

Қарин атап өткендей, ауыл әкімдерін сайлау ауылдағы ағайынға тың мүмкіндіктер береді. Олар өз елді мекендерін дамыту мәселелерінің шешілуіне тікелей ықпал ете алады.

Осы сайлау арқылы мемлекеттік басқару жүйесінің ұзақмерзімді жаңа қағидаттары қалыптасып, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың сипаты жақсы жаққа өзгереді. Сондықтан сайлау науқанына азаматтардың зор қызығушылық танытуы және оның еліміздегі саяси қызметтің жандануына алып келуі орынды. Сондай-ақ бұл науқан жергілікті жерлерде саяси бәсекенің арта түскенін көрсетті, - деді Президенттің көмекшісі.

Оның сөзінше, сайлауға еліміздегі алты саяси партияның барлығы өз кандидаттарын ұсынды, өзін-өзі ұсынған үміткерлердің де саны айтарлықтай көбейді.

Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси реформалардың үш топтамасындағы барлық бастамалар бірте-бірте жүзеге асырылып жатыр. Бұл өзгерістердің бәрі қоғам сұранысына сай келеді және еліміздің одан әрі демократиялы жолмен дамуына жол ашады, - деп айтты Қарин.

Өзгелердің жаңалығы