Ауыл әкімдерін сайлау. Атырауда 6 партия өз кандидаттарын ұсынды
12 Шілде 2021, 14:09 2118

Ауыл әкімдерін сайлау. Атырауда 6 партия өз кандидаттарын ұсынды

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысында сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша ауыл әкіміне 73 кандидат ұсынылған. Оның ішінде 39-ы саяси партиялардан, ал 34-і өзін-өзі ұсынғандар екен.

Дегенмен кейбір үміткерлердің кандидатурасы түрлі себептермен алынып тасталған.  

Осы уақытқа дейін тіркелгендердің 15-і Nur Otan, бесеуі - «Ауыл» ХДП, үшеуі - «Ақ жол», алтауы - ADAL, жетеуі - ҚХП, үшеуі ЖСДП-дан тіркелген. Оның 19-ы әйел. 18 кандидат мемлекеттік қызметкер, 8-і ауыл әкімі, 34-і коммерциялық ұйым қызметкері, 2-еуі коммерциялық емес ұйымдардан, ал 8-і уақытша жұмыссыз. Тіркелген кандидаттардың 34-і, яғни 46,6 пайызы мұғалім, 12-сі заңгер, 10-ы экономист, 8-і ауыл шаруашылығы маманы, біреуі инженер, қалғаны түрлі маман иелері. 27 кандидат өздері түсіп жатқан округте тұрақты тіркелген болса, 42 кандидат ауданда, ал 4-еуі облыс орталығында тұрады, - деді Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумов.

Жалпы облыс бойынша 18 ауылдық окургтің әкімдері сайлауға түседі.

Олар Атырау қаласынан және 6 ауданда сайланады. 16-сының өкілеттік мерзімі аяқталса, 2-еуі ауылдың бұрынғы әкімдері қызметтерінен босатылған. Сондай-ақ осы уақытқа дейін 4 үміткердің кандидатурасы әр түрлі себептермен алынып тасталды. Оның ішінде 1 кандидатқа заңда белгіленген талаптарға сәйкес еместігіне байланысты бас тартылса, 3-еуі өз өтініштері бойынша тізімнен алынды. Қазір нақты тізімде 69-ы бар, - дейді Азамат Айманакумов.

Ең көп кандидат ұсынылғандар Атырау қаласы Дамбы ауылдық округі екен. Одан соң Қайыршақты мен Индер ауданының Жарсуат ауылы. Аумақтық сайлау комиссиясы шілденің 14-і күні тіркеу шараларын аяқтайды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...