Аутизмі бар балалар «ерекшеліктерін» сезінбей, барлық баламен бірге білім алуы керек

2 Сәуір 2021, 10:40
3416
Бөлісу:
Аутизмі бар балалар «ерекшеліктерін» сезінбей, барлық баламен бірге білім алуы керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстан Республикасында аутизмі бар балаларды оқыту және тәрбиелеу» тақырыбында конференция өтті. Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай ұйымдастырылған шара БҒМ Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде жүргізілді.

Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Майра Мелдебекова конференция жұмысын ашып, аталған мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
 Бүгін сәуірдің 2-сі Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні. Бұл күн бүкіл әлемде 2008 жылдан бастап атап өтіледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға жағдай жасау - білім жүйесінің негізгі басымдықтарының бірі. Республикалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның ресми деректері бойынша Қазақстанда соңғы жылдары диагнозы қойылған аутизмі бар балалар санының өсуі байқалады. Олар әсіресе кішкентай балалардың арасында көп кездеседі. Сол себепті аутизмді ерте анықтау, оларды қоғамда, білім беру ұйымдарында, яғни балабақшадан бастап мектептегі барлық баламен бірге білім алуына жағдай жасау, сондай-ақ түзету жұмыстарын жүргізу, алдын алу маңызды мәселелердің бірі, - деп атап өтті ол. 

Оның сөзінше, бұл мәселе бойынша мемлекеттік органдар ата-аналармен, үкіметтік ұйымдармен бірлесіп ауқымды жұмыстар атқаруда. 

Аутизм мәселесін қоғамда көп айту керекпіз. Өйткені бұл балалар қоғамда барлық баламен бірге ойнап, оқып, өздерінің ерекшеліктерін сезінбеулері керек. Қазіргі кезде мұндай «ерекше» балаларға білім беру ұйымдарында жағдай жасалып жатыр. Атап айтқанда мектептерде педагог-ассистент аутизмі бар балалардың білім алуына көмектесуде, - деп түсіндірді Майра Мелдебекова. 

Сондықтан бұл мәселені 2 сәуірден бастап қоғамда көтеріп, ақпараттық жұмыстарды жүргізіп тұру қажет.

Өзгелердің жаңалығы