Бас жаңалықтар
Аутизмге шалдыққан балалар доп тебуден өзара бақ сынасты
02 Сәуiр 2019, 15:40 419

Аутизмге шалдыққан балалар доп тебуден өзара бақ сынасты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда «Аутизмді жеңеміз»  әлеуметтік жобасы аясында инклюзивті футбол командалары арасында матч өтті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА жазды. 

«Әлемде аутизмді жеңу өте қиын. Бірақ біз өз балаларымыздың өмірін көрсете отырып, оны жеңуге болатынын көрсеткіміз келеді. Бұл жақындарының махаббаты мен қолдауының арқасында ғана мүмкін болмақ», - деді «ДОМ» қоғамдық қорының директоры Аружан Саин.

«Аутизмді жеңеміз» жобасы өз жұмысын 2013 жылы Аутизмі бар балалар ата-аналарының Алматы қалалық қауымдастығы жанында бастады.

Осы уақытқа дейін 1500 балаға көмек көрсетілді. Жоба аутистикалық спектрі бұзылған балалары бар қазақстандық отбасыларды қолдауға бағытталған.

Алматылық Мадина Кенжеғұлованың ұлы Диас 11 жаста. Бала аутизмге шалдыққан. Ол жыл бойы футболмен шұғылданады. Диас бұған дейін шетелде ем алып жүрген. Қазір ем-дом шаралары Қазақстанда да қолжетімді.

«Мен жобаға баламның қажеттілігі үшін келдім. Осы жобаның арқасында көп жетістікке жеттік. Оның алдында балам сөйлей алмайтын, ойын жеткізе алмайтын. Қазір 3-4 таңбалы сандарды санайды, көбейтеді, бөледі. Диктант жаза алады. Күн сайын логопедтермен, дефектологтармен сабақ өтеміз», - деді Мадина.

«Аутизмді жеңеміз» жобасы балаларды әлеуметтік ортада бейімдеуге бағытталған. Қазір мұнда 80 бала оңалту шараларынан өтіп жатыр.

«ДОМ» қоғамдық қоры тұңғыш рет футбол секциясын ашты.

«Спорт секциясын ашудағы мақсат - аутизмі бар балалардың командалық ойнау қабілетін арттыру. Осыған дейін «аутизм» диагнозы бар балалар командада ойнай алмайды деген пікір болатын. Біздің спорт секциямыз мұның олай емес екендігін көрсетті», - деді Аружан Саин.

Autism Speaks халықаралық ұйымының мәліметінше, АҚШ-та «аутизм» диагнозы 59 баланың ішінде 1 балаға қойылады.  

«Асыл Мирас» қоры хабарлағандай, 2018 жылы Қазақстанда бұл диагноз  3920 адамға қойылған.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық