Қауіпті желілер: Деструктивті діни ағымдар адам арбауды жалғастыруда

17 Қыркүйек 2020, 18:24
6036
Бөлісу:
Қауіпті желілер: Деструктивті діни ағымдар адам арбауды жалғастыруда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүкіл әлемде пандемияға байланысты түбегейлі өзгерістер болып, көптеген қызмет түрі онлайн режимге өткені белгілі.

Осы сәтті жеке мүддесі үшін пайдаланған деструктивті идеологияны насихаттаушы күштер де ғаламтор желісінде өз жұмыстарын үдерте түсті. Әсіресе, бұл бағыттағы жұмыстар әлеуметтік желілерде белсенді түрде жүргізілуде, - дейді Нұр-Сұлтан қаласының Дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары.

Елорданың Дін істері жөніндегі басқармасы орталықпен бірлесе отырып, азаматтардың түрлі экстремистік діни идеология мен ағымдарға кіруінің алдын алу бойынша іс-шаралар ұйымдастыруда. Сондай-ақ, заңға қайшы контенттерді анықтау мақсатында ғаламторда мониторинг жұмыстары да жүргізілуде.

Әлеуметтік желілерге мониторинг жасау барысында мынадай қауіпті үрдіс анықталды: әлеуметтік желілерде бейтарап немесе жағымды сипаттағы атауларға ие діни қауымдастықтар өте көп. Алайда олар өз парақшаларында деструктивті материалдарды жариялап, экстремистік материалдардың сілтемесін таратады. Сондай-ақ дін тақырыбында дәлелденбеген және жалған ақпараттар жүктелуде. Мониторинг негізінде алынған статистикаға сәйкес, көптеген отандасымыз түрлі себептерге байланысты (топ бұғатталғанға дейін парақшаға жазылған және т.б. себептер) Қазақстан Республикасының аумағында бұғатталған қауымдастықтар мен топтардың жазылушылары ретінде қала беруде. Аталған факт азаматтарға теріс ықпал етіп қана қоймай, заң бұзушылыққа әкеліп соғады, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Жанбота Қарашолақов.

Аталған қауымдастықтардың парақшаларында қалу, материалдарды таратуға себепкер болу (жолдау, өзге платформаларға жіберу, репост, лайк) қылмыстық жауапкершілікті айтпағанда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 453-бабы 4-бөлігіне; 490-бабы 1-бөлігі 3-тармағына; 490-бабының 3-бөлігіне сәйкес айыппұл түріндегі тиісті әкімшіліктік жаза қарастырылған құқық бұзушылыққа әкеліп соғуы мүмкін (аталған баптар бойынша жеке тұлғалар үшін айыппұлдың ең төменгі мөлшері 50 АЕК – 138 900 тенге мөлшерінде, ең жоғары мөлшері 100 АЕК – 277 800 тенге мөлшерінде қарастырылған).

Жеке бас қауіпсіздігін қорғау және дін саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында, басқарма азаматтарға күмәнді діни қауымдастықтардың, әсіресе ҚР аумағында бұғатталған қауымдастықтардың парақшаларынан шығуды ұсынады. Бұл өскелең ұрпаққа да қатысты: ата-аналар баласының әлеуметтік желідегі қызығушылығына назар аударуы және оның қауымдастықтар мен топтардан шығуына әрекет жасауы қажет.

Орталықтың дінтанушы-сарапшылары дінді тереңірек түсінуге ынтасы болған жағдайда еліміздегі тек ресми тіркеуден өткен діни бірлестіктерге назар аударып, олардың ресми сайттары мен дін саласындағы ғылыми басылымдарын пайдалауды ұсынады.

Сондай-ақ, IKOMEK-109 қызметіне хабарласу арқылы дін саласындағы қызығушылық туғызған сұрақтарға жауап алуға болады. Соның ішінде, деструктивті діни ағымдарды тіркеуден өткен діни бірлестіктерден қалай ажыратуға болады, сіздің танысыңыздың сектаға кіріп кеткенін қалай білуге болады және оны құтқару жолдары, егер сіздің көршілеріңізде күмәнді діни жиындар өтіп жатса не істеу керек, діни мерекелер қашан және қалай өткізіледі, осы тәрізді және өзге де сұрақтарға Орталық мамандары жауап беруге әзір.

Төменде көрсетілген бейнероликте экстремистік және террористік ұйымдардың тізімімен танысуға болады.


Өзгелердің жаңалығы