Әуежайда темекі шегетін орын болмаса, жолаушы іздеп уақыт жоғалтады

25 Сәуір 2019, 17:22
2716
Бөлісу:
Әуежайда темекі шегетін орын болмаса, жолаушы іздеп уақыт жоғалтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы әуежайында темекі шегуге арналған орын болмаса, жолаушы сондай зонаны іздеп уақыт жоғалтуы мүмкін.  Бұл туралы елордада өткен кәсіпкерлер мен әуежай өкілдері елдегі темекі тарту орындарына байланысты заңнамалық өзгерістерді талқылауға арналған баспасөз конференциясы барысында Алматы әуежайы жолаушылар тасымалы ұйымы қызметінің бастығы Анатолий Юзефович айтты.

«Алматы әуежайында жолаушылардың түрлі категориясына арналған арнайы жағдайлар жасалған. Әуежайда транзиттік зона бар, яғни Қазақстан шекарасына кірмей, транзит зонада қалады. Ол жерде 24 сағатқа дейін қалуы мүмкін. Егер олар темекі шеккісі келсе, арнайы орын іздей бастайды. Бізде сондай темекі шегуге арналған арнайы орын 1-қабатта орналасқан. Транзиттік жолаушылар сонда барып темекі шегеді. Ішкі рейстердегі жолаушыларға да арнайы темекі шегу зонасы бар. Әзірге ешкімнен шағым түспеді. Егер темекі шегуге арнайы орын болмаса, жолаушылар сондай орынды іздеп, уақыт жоғалтады», - деді Анатолий Юзефович.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының коммерция жөніндегі басқарушы директоры Дәурен Берекетовтің айтуынша, қазір елордадағы халықаралық ХАБ-қа байланысты жыл сайын келушілердің қатары көбейген.

«Біздің әуежайда да транзиттік жолаушылардың қалу уақыты ұзақ болуы мүмкін. Сондықтан жолаушылардың әуежайда болу уақытын қадағалау керек. Яғни, мұндай шара жолаушының іс-әрекетіне әсер етуі ықтимал», - деген Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының коммерция жөніндегі басқарушы директоры Дәурен Берекетовтің сөзін модератор бөліп, сұрақ қойды.

«Егер темекі шегетін адам ұзақ уақыт бойы арнайы орында немесе басқа жерде темекі тартпаса, онда жолаушыны деструктивті күйде ұшаққа отырғызуымыз мүмкін. Бұл заңға сәйкес пе? Қалай ойлайсыздар?» - деді модератор екі әуежайдан келген өкілдеріне.

«Мұның қаншалықты заңды екеніне мен жауап бере алмаймын. Бірақ ұшаққа отыратын жолаушының күйін бақылап, өткізуіміз керек», - деді Дәурен Берекетов.

«Иә, әрине, жолаушылар ұшаққа мінер алдында, темекі тартып алғысы келеді. Егер ондай мүмкіндігі болмаса, онда жолаушыға эмоционалдық стресс болар еді», - деп жауап берді Анатолий Юзефович.

Бұған дейін, қазір Қазақстан халқының 30%-ы темекі тартатынын хабарлаған едік. Қоғамдық орындарда темекі шегу үшін арнайы зона дайындауға 3 млн теңгедей ақша керек. 

Егер Қазақстанда «Ұлт саулығы» туралы заңнамаға байланысты ресто-барларда ашық түрде кальян шегуге тыйым салынса, 5 мыңға жуық кәсіпкер табыс көзін жабуға мәжбүр болады.

Өзгелердің жаңалығы