Бас жаңалықтар
Атыраулық оқушылар үзілісте Абай әндерін шырқайды
24 Қараша 2020, 22:10 154

Атыраулық оқушылар үзілісте Абай әндерін шырқайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысы мектептерінің бірінде оқушылар үзіліс кезінде Абай әнін шырқайды, деп хабарлайды Атырау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Абайдың 175 жылдығы аясында Атырау облысы Мақат кентінің №2 бастауыш мектебінен қазақтың бас ақынына арналған кабинет ашылып, мектепте караоке  орнатылған. Оқушылар сабақтан үзіліс кезінде Абай әнін шырқайды. Оқу орны дәлізіне үш нүктеге экран, сегіз жерге дыбыс зорайтқыш аппарат қойылған. 

Балалармен қарым-қатынас ашық диалог алаңына негізделген. Оқушылар арнайы жасақталған қабырғаға мектепте қосымша айналысқысы келетін дүниелері туралы жазып кетеді. Балалар тарапынан түскен ұсыныстар негізінде мектеп дәлізіне караоке орнаттық. Бұл әдіс оқушылардың мектепте өздерін еркін сезінуіне ықпал етуде, – дейді Мақат кентінің №2 бастауыш мектебінің директоры Руслан Баймұқашев.

Бастауыш мектепте дәстүрлі біліммен бірге оқушыларға ұлттық тәрбие берілуде. Бұл бағытта бірнеше кабинеттер ашылған.

Мәселен, Ұлттық тәрбие кабинеті - дәстүр, тарихқа негізделген сабақтар жүргізеді.  Кабинет мақал-мәтелдермен, ырым-тыйымдармен безендірілген. Ұлттық ойындар туралы танымдық материалдар да бар. Бұл кабинетте сынып жетекшілері оқушыларға ұлттық құндылықтар тұрғысында дәріс береді, – дейді Мақат кентінің №2 бастауыш мектебінің директоры Руслан Баймұқашев.

Бұдан бөлек, Мақат ауданының 95 жылдық датасы аясында мектепте Өлкетану кабинеті жұмыс істеп жатыр.

Онда дәстүрлі сабақпен бірге, оқушыларға ауданның әлеуметтік – экономикалық, қоғамдық, рухани дамуына ықпал еткен азаматтар, жалпы, өлке тарихы туралы ақпараттар беріледі. 

Энциклопедиялық деректерді жинақтай отырып, өнегелі азаматтар туралы жан-жақты мәліметтер берілуде. Ал, Абай кабинетінде бас ақынның шығармаларын насихаттаумен бірге, оның қалың оқырманға белгісіз тұстары, тың деректер дәріптелуде, – деп нақтылады спикер Руслан Баймұқашев.

Еске сала кетелік, сыйымдылығы 80 оқушыға шақталған Мақат кентінің №2  бастауыш мектебінде барлығы 203 оқушы бар. Бастауыш сыныптардан бөлек, мектепте 37 шағын орталық, 22 мектеп алды даярлық топтары жұмыс істеп жатыр.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...