Атыраулық оқушыларға компьютер таратылып жатыр

4 Сәуір 2020, 19:45
1758
Бөлісу:
 Атыраулық оқушыларға компьютер таратылып жатыр

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысы әкімдігі мен білім басқармасы басшылары онлайн баспасөз мәслихатын өтікізді. Аймақта 194 мектепте 130 мыңга жуық оқушы білім алады. 

Облыс әкімдігінің мәліметінше 128 мыңнан астам оқушы ақпараттық желіні пайдалануға мүмкіндігі бар. Ал шалғай елді мекендердегі 250 оқушы "Қазпошта" жүйесі арқылы оқитын болады.

Ұлттың саулығына дәрігерлер жауапты болса, жас ұрпақтың сауаттылығына ұстаздар жауапты. Сондықтан еліміздегі төтенше жағдайда бұл мәселелердің барлығы жеңіл шешілмейді. Қазір 7 мыңнан астам отбасыға мектептердің балансындағы компьютерлер келісім шарт арқылы таратылып отыр. Облысқа қарасты аудан әкімдерінің есебі бойынша өңірлердің оқушылары компьютерлермен толық қамтамасыз етілген. Сондықтан тапшылық жоқ. Ал Атырау қаласы бойынша 3869 отбасындағы 7738 оқушыға компьютер қажет. Мұның барлығын жергілікті компаниялардың демеушілікпен алып жатырмыз. Одан кейінгі қажеттілікті жергілікті бюджетті үнемдеп, сатып аламыз. Біздің басты мақсатымыз көп балалы отбасыларға жеңілдік жасау. Бір жанұядан бірнеше оқушы сабақ оқиды. Сондықтан осы отбасыларға 2 компьютерден бермекпіз. Бұл техникалар алынып, бастап оқушыларға таратылып жатыр, - дейді Атырау  облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.
Ал облыстық білім басқармасы басшылары басты ауыртпашылық ата-аналарға түсетінін айтты.
16 наурыздан бастап, облыстағы мұғалімдердің барлығы қашықтан оқуға дайындықты бастап кетті. 1 сәуірде байқау сабақтарын өткізді. Одан кейін ата-аналар жиналысы болды. Осы кезде бар қиыншылықтар анықталды. Мұның барлығын шешуге тырысып жатырмыз. Қазір облыста педагогтар үшін 489 бейнесабақ жасалды. Бұл сабақтар таратылып жатыр. Жалпы штаттық режимде білім алуға келсек, біздің облысымызда 17 мектеп бар. Бірақ жергілікті денсаулық сақтау басқармалары бұл мекемелерге балаларды оқыту қауіпті деп отыр.Сондықтан олардың барлығы да қашықтан оқуға көшетін болады. Осының барлығын ескерсек, көп күш ата-аналарымызға түседі. Әрбір отбасы мұғалімдерге қолдау көрсетіп, балаларға қадағалауды күшейтсе дейміз, - деді Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақкенже Исанбергенова. 
Атырау қаласы бойынша 61 мектеп бар. Оқушылар саны 70 мыңға жуық. Атырау қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза Шангерееваның айтуынша қазіргі таңда 6 мыңнан астам оқушыға компьютер жеткізілген.
Өзгелердің жаңалығы