Атыраулық дәрігерлер арыздарын алмай отыр

9 Қазан 2019, 20:43
7013
Бөлісу:
Атыраулық дәрігерлер арыздарын алмай отыр

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облыстық перинаталдық орталығы дәрігерлері арыздарын қайтып алмаймыз деп отыр. Басшылардың жүргізген келіссөздері  айтарлықтай нәтиже бермей жатыр. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, денсаулық сақтау басқармасы, кәсіподақ өкілдері жүргізіп жатқан түсіндірме жұмыстарынан кейін 30-дан астам дәрігердің тек екеуі  арыздарын қайтарып алған. Өзгелері ойларын өзгертпей отыр. Дегенмен қазір қызметтік міндеттерін атқарып жатыр. Олардың басты талабы жұмыс жасауға жағдай жасалып, тексерістерді тоқтату екен. 

"Мен жұмыс жасағым келеді. Бірақ болашағымнан қорқамын. Екі кішкентай қызым бар, егер мен де әріптестерімдей қиын жағдайға тап болсам, балаларыма не болады?! Қазіргі таңда бізде маманның жоқтығынан гинекология бөлімшесінде жұмыс тоқтатылды. Перзентханадағы ең білікті мамандардан айырылып жатырмыз», - дейді Атырау облыстық перинаталдық орталығының акушер-гинекологы Жұлдыз Ахметова

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар перинаталдық орталықтағы дәрігерлердің жұмыс орындарында қалуы үшін бар күштерін салуда. 

Естеріңізге сала кетейік, Атыраудағы дәрігер жаңа туған сәбиді тоңазытқышқа салып өлтірді деген күдікке ілінген болатын. Сонымен қатар, Атырау облысының бас дәрігері нәресте өліміне қатысты пікір білдірген еді. Егер ақ халаттылардың кінәлары дәлелденсе, олар 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылулары мүмкін.

Сонымен қатар, Біртанов баланың өлімі туралы жазбаны өзгертуге болатынын айтқан еді. 

Сондай-ақ бұған дейін Атырау перинаталдық орталығының 31 дәрігері жұмыстан шығу туралы өтініш жазғаны хабарланған болатын. 

Атыраулық дәрігерлер әріптестеріміздің кінәсі нақты дәлелденбей, жала жабылып жатыр деп ашынады.


Өзгелердің жаңалығы