Бас жаңалықтар
Атыраудың кіреберісіне 4 санитарлық бекет қойылады
24 Наурыз 2020, 14:15 619

Атыраудың кіреберісіне 4 санитарлық бекет қойылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Олар жаңадан салынған полиция бөлімшелерінің ғимараттарына орналастырылады, деп хабарлады Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.


Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов денсаулық сақтау басқармасы, полиция департаменті мен Атырау облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті  басшылығымен көшпелі кеңес өткізді. Аймақ басшысы Атырау қаласының  кіре берісіндегі полиция бекеттерін қарап шықты. Аталған нысандарда санитарлық пункттер орналастырылуда. Мұнда өзге өңірлерден облыс орталығына көлікпен өтетін адамдар тексерілетін болады. 
Кешеден бері пунктерде полиция қызметкерлерімен қатар, Атырау облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары кезекшілікті бастады. Олар көлік жолаушыларын резидент емес нөмірімен тексереді. Сонымен қатар, жолаушылардың дене қызуы өлшенеді, - деді департамент бастығы Мейіржан Есімбаев.
Махамбет Досмұхамбетов болашақ санитарлық нысандарды қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен жабдықтау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Өз кезегінде, бөлім басшылығы тәулік бойы кезекшілік атқаратын қызметкерлердің тізімін дайындауы тиіс.
 
Біз  санитарлық нысандардың жұмысын облыс орталығында коронавирус инфекциясының алдын алу үшін ұйымдастыруымыз қажет. Карантин жарияланған аймақтардан қалаға кіретін көлік  жолаушыларын мұқият қадағалау керек, - деді Атырау облысының әкімі.

Көшпелі  жиын соңында Махамбет Досмұхамбетов облыстық туберкулезге қарсы диспансерде болды. Мұнда аймақ басшысы жеке гигиена заттарымен, қауіпсіздік техникасымен, карантинге жатқызылған науқастарға арналған жиһаздар жеткізілген қойманы қарап шықты. Қажетті жабдықтар "ТШО"  компаниясының демеушілік қаражаты есебінен алынған.

Облыс әкімі шетелден келген қазақстандық азаматтарды карантинге жатқызу орынына да барды. Айта кетейік, қазіргі уақытта Атырау облысында 1800 стационарлық орын қарастырылған.
 



Фото: дереккөз
Загрузка...