Атырауда "Жанға дауа" тегін емдеу орталығы ашылды

6 Тамыз 2020, 12:59
3013
Бөлісу:
Атырауда "Жанға дауа" тегін емдеу орталығы ашылды
PHOTO
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауда тегін емдеу орталығы ашылды. Енді "Жанға дауа" - медициналық қызметке мұқтаж жандарға қызмет көрсетеді. 

Бұл халықтық жобаны өңірдегі еріктілер қолға алған. Осылайша 12 күн ішінде стационар толықтай жабдықталып, науқастарды емдеуге кіріскен. 

WhatsApp Image 2020-08-06 at 09.15.31.jpeg

Жобаны ұйымдастырушы, қоғам белсендісі Арман Хайрулиннің сөзінше, медициналық орталықты ашуға тек қана кәсіпкерлер емес, әрбір жанашыр атыраулық үлес қосқан.

WhatsApp Image 2020-08-06 at 11.20.57.jpeg

Елімізді індет жайлап, Атырау аймағында ахуал ушығып жатқанда, кәсіпкер Махмуд Мерғалиев деген азамат өз ғимаратын емдеу орнына пайдалануға ұсынып, бастама көтерді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруды қоғам белсенділері болып қолға алдық. Осылайша әлеуметтік желіге үндеу жариялаған едік. Халық бірауыздан қолдады. Жастарымыз белсенділік танытты. Қол көмегін берген, құлшынғандар да аз болмады. Ал демеу көрсетушілерді тізбектеп айту қиын. Санынан жаңыламыз. Өйткені іскер азаматтардан бөлек, қарапайым халықтың өзі де соңғы тиын-тебендерін санап берді деп айтуға болады, - дейді атыраулық белсенді азамат Арман Хайруллин.
WhatsApp Image 2020-08-06 at 09.15.28.jpeg

Көпқабатты ғимараттың бірінші, екінші қабатын стационарға арнаған. Бірінші қабаты күндізгі, ал екіншісі провизорлық емдеу орындары орналасқан. Орталықты еріктілер заманауи үлгіде жасақтаған екен. Мұнда медициналық қызмет қана емес, дәрі-дәрмектері де тегін.

WhatsApp Image 2020-08-06 at 11.20.57 (1).jpeg

Жоғарығы қабаттағы провизорда 10 науқас ем қабылдап жатыр. Оларды №1 қалалық емхананың дәрігерлері емдейді. Жалпы орталықта 2 дәрігер мен оннан астам медициналық маман қызмет атқарады. Ақ халаттылардың демалыс орындары да жанға жайлы жасақталған. Жобаны ұйымдастырушылар барлық санитарлық талаптармен жабдықтап, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен келісімге келген. Сөйтіп орталық №1 қалалық емхананың балансына өткен.

WhatsApp Image 2020-08-06 at 09.18.42.jpeg

"Жанға дауа" деп атадық. Бұл жерден атыраулықтар тек ем алып қоймай, жандарына жылылық алса дейміз. Өйткені адамның жылы жүзі мен жымиып жүруінің өзі садақа. Сондықтан мұндағы қызметкерлердің барлығына орталыққа келушілерге жылы қабақ таныту талап етілді. Біз еріктілер де орталықты сәндеуде жанға сая етуге тырыстық. Медициналық құралдар, дәрі-дәрмектер ғана емес, талғамға сай адамға жағымды әсер беретін жабдықтармен қамтуды басты назарда ұстадық. Сөйтіп 12 күн ішінде бәріміз жұмылып осындай жып-жылы, ұядай орталықты аштық. Біз мұнда коронавирусты емдейтін қымбат дәрілерді әкелдік. Оның барлығы науқастарға тегін беріледі. Бұл әлеуметтік желі арқылы жинаған халықтың қаражатына алынды. Жұмыс  оңай болмады, бірақ бір топ ерікті жұмылып еңбек етті, - дейді ерікті Әсем Қалқаманова.
WhatsApp Image 2020-08-06 at 11.20.58.jpeg

"Жанға дауа" емдеу орталығын жуықта облыс, қала басшылары келіп, аралап көріп, еріктілердің еңбегіне жоғары баға берген. Медициналық қызметке мұқтаж тұрғындарға бұл стационардың есігі ашық.

Өзгелердің жаңалығы