Атырауда жаңа жобалар аясында 7 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады

28 Мамыр 2020, 13:43
1308
Бөлісу:
Атырауда жаңа жобалар аясында 7 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысында 63 жоба іске асып, 7 мыңнан астам жұмыс орындары ашылады. Бұл жобалардың 18-і республикалық бюджеттен, ал 45-і облигациялық қарыз есебінен қаржыландырылады. 

"Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасы" іске асыру бағытында облыста комиссия құрылып, қаржы көлемі мен жобалар тізімдері бекітілген. Аймақтағы бұл 63 инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға 35 млрд 308 млн теңге бөлінген. Олар әлеуметтік-мәдениет кешендерді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарды жөндеу жұмыстары, инженерлік-көлік инфрақұрылым, елді мекендерді абаттандыру.

Елімізде әлеуметтік қорғауды нақты халықтың осал топтарына, олардың тұрмыс-деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған тиімді жүйелер енгізілді. Оған куә мемлекет басшысымен төтенше жағдай жариялануына байланысты халықты жұмыспен қамту мақсатында бекітілген "Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасының" қабылдануы тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. "Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасын" жандандыру бағытында жасақталған іс-шаралар жоспары бағдарлама әкімгерлерімен келісіп, қол қойылды. Аталған жол картасы жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуіне және елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған,-дейді Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.
Облыста инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде жұмысшылардың басым бөлігін жергілікті жұмыспен қамту орталықтарынан жолдамамен алу міндеттелген. Сондай ақ, кез келген өнім, не қызметтің 90%-ын отандық кәсіпкерлерден сатып алуы тиіс. Кәсіппкерлер санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтап, қауіпсіз еңбек жағдайын жасауы қажет.

Қазіргі таңда барлық жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланып, 48 жобада жеңімпаздар анықталған. Күні бүгінге 830 жұмыс орындары құрылып, оның 473-і жергілікті жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыссыздықта тіркеуде тұрғындар есебінен алынды,-дейді Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.

 

Өзгелердің жаңалығы