Атырауда жүк көліктері блок-бекеттерде кедергілерге тап болуда

8 Сәуір 2020, 18:19
2445
Бөлісу:
Атырауда жүк көліктері блок-бекеттерде кедергілерге тап болуда
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атыраулық кәсіпкерлер блок-бекеттерден жүк тиеген көліктерін өткізе алмай, кедергілерге тап болуда. Облыстық кәсіпкерлер палатасына бірер күн ішінде осындай мәселемен 50-ден астам бизнес өкілінен шағым түскен. Палаталықтар жүк тасымалдайтындарға жергілікті атқарушы органға қызметтері туралы толық мәліметпен хат жолдап, рұқсат алуы керектігін айтады.

Блок бекеттерден тауар тасымалдайтын атыраулық кәсіпкерлерден шағым көп түсіп жатыр. Тіпті, кейбірі күні бойы бекетте тұрып қалып жатқандарын айтады. Жалпы азық-түлік, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары, жанар-жағармай таситындарға шектеу жоқ. Бірақ жергілікті жұмыс тобынан рұқсат қағазын алу керек. Кәсіпкерлердің өтінішін жұмыс тобы және полиция департаменті пысықтап, одан соң жүк көліктері туралы мәліметті «Сергек» бағдарламасына енгізеді. Өйткені карантинге байланысты бас дәрігердің қаулысы бойынша «Сергек» бағдарламасына тіркелмеген жүк көліктеріне бекеттерден өтуге тыйым салыныпты. Сондықтан кәсіпкерлер барлық құжаттарын алдын ала тексеріп алулары қажет. Кәсіпкерлер өтінішті бере отырып, көліктері, жүретін бағыттары туралы толық мәліметті берулері тиіс, - дейді Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы директорынын орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев.

Штаб өкілдерінің айтуынша, қаулыда қалаға кіріп-шыға алатын 16 жеңіл көліктің тізбесі бекітілген. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, күзет және коммуналдық қызмет жұмысшылары бар. Сондай-ақ, блок-бекеттен өтуге қайтыс болған адамды жерлеу рәсімі кезінде рұқсат беріледі.

Бас санитардың қаулысы бойынша блок-бекеттерден азық-түлік, дәрі-дәрмек, қажетті тұрмыстық заттар таситын жүк көліктері ғана өте алады. Ал өзге көліктердің өтуіне қатаң тыйым салынады, - дейді Атырау облыстық жедел штабтың ресми өкілі Әлия Жамитова

Сонымен қатар жүк тасымалдайтын кәсіпкерлер рұқсат алу үшін әкімдікті жағаламай-ақ, өз өтініштерін облыстық штабтың atyraushtab06@mail.com электронды поштасына жолдаса болады. Ал заңды тұлғалар (8 7122) 27 01 90 телефон нөміріне байланысқа шыға алады.

Өзгелердің жаңалығы