Бас жаңалықтар
Атырауда Тұңғыш Президент күніне орай конференция өтті
PHOTO
28 Қараша 2020, 19:50 176

Атырауда Тұңғыш Президент күніне орай конференция өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен «Ұлт көшбасшысы және заманауи мемлекеттік аппараттың келбеті» атты ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті. 

Конференция ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.


Конференция жұмысына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрайымы Анар Жайылғанова, ҚР Парламент Сенатының жанындағы Сенаторлар Кеңесі төрағасының орынбасары Бірғаным Әйтімова, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілов, мемлекеттік орган басшылары, қоғам белсенділері, оқу орындарының өкілдері мен Агенттіктің аумақтық департаменттерінің жетекшілері қатысты.

Басқосуда алғаш сөз алған өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов жиынның ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында ұйымдастырылуының өзіндік мәні бар екендігін айтты.


Қазіргі заманға сай мықты мемлекеттік аппарат құру тікелей – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты. Егемендік алған кездері ел тарихи сын-тегеурінге тап болғанын білесіздер. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан Елбасы жаңа жағдайларға төтеп беретін мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруды көздеді. Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруда мемлекеттік аппараттың кадрлық әлеуеті маңызды рөл ойнайтынын жақсы түсінді.  Мемлекеттік аппараттың сапасы кез келген елдің даму процесінде шешуші факторға ие. Сондықтан ол елдің стратегиялық басымдықтарының тиімді орындалуын қамтамасыз етуі тұрғысынан ерекше маңызды. Ұлт көшбасшысының саяси ерік-жігерінің арқасында Қазақстан - посткеңестік елдер арасында осы бағытта алғаш болып жүйелі қадамдар жасады, - деді облыс әкімі.

Махамбет Досмұхамбетов өз баяндамасында өңірдегі мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қолдау бағытында атқарылып жатқан бірқатар жұмысты да атап өтті.

Жыл басталғалы жергілікті атқарушы органдар факторлы-балдық шкалаға негізделген еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшті. Пилоттық моделдің енгізілуі жергілікті деңгейде кадрлардың ауысуының азаюына септігін тигізді. Мәселен, мемлекеттік қызметшілердің ауысуы былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4,6%-дан 2,6%-ға дейін азайған. Бұл өз кезегінде мемлекеттік аппарат тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар жалақы мөлшерінің өсуі мемлекеттік қызметке деген қызығушылықты арттырды. Атап айтқанда, бос лауазымдарға жарияланған конкурстарда бір орынға қатысушылардың саны 50%-ға өсті. Соның арқасында мемлекеттік аппарат білікті кадрлармен толығуда. Нәтижесінде облыс әкімдігіндегі мемлекеттік қызметкерлердің сапалық құрамы да артты. Қатарымыз 1 докторлық, 2 кандидаттық және 3 PhD докторы және «Болашақ» бағдарламасының 3 түлегімен толықты. Ал бос лауазымдардың саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға дейін азайып отыр, - деп қорытындылады Махамбет Досмұхамбетов.

Айта кетелік, конференция барысында төрт өзекті тақырып талқыға түсті. Қатысушылар жаңа мыңжылдықтағы мемлекеттік аппараттың ілгері дамуы, ауылдық округ әкімдерінің мәртебесі сынды тақырыптар бойынша ой бөлісіп, пікір алмасты.


Аталған конференция алдағы уақытта өз жалғасын тауып, ҚР Тұңғыш Президент күні қарсаңында жыл сайын өткізілмек.


Фото: дереккөз
Загрузка...