Бас жаңалықтар
Атырауда шырын мен квас өндіретін цех іске қосылды
16 Желтоқсан 2020, 06:37 140

Атырауда шырын мен квас өндіретін цех іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда шырын мен квас өндіретін цех іске қосылды. Ал келесі жылы сыра мен сидр өндірісі жолға қойылмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Атырау облысындағы Сарайшық ауылында орналасқан «АтырауАгроӨнімдері» кәсіпорыны алма, лимон шырыны мен квас сусынын өндіретін цехты іске қосты. Онда тәулігіне 2 тонна алма, 1,5 тонна лимон шырыны мен 1,5 тонна квас сусыны өндіріледі.

Біз шығаратын алма шырынының 80 пайызы жемістен (фреш), 20 пайызы судан тұрады. Суды үш мәрте сүзгіден өткіземіз. Өнім қоспасыз болғандықтан бір күн тоңазытқышқа салынбай қалса ашып кетуі мүмкін, сол себепті, салқын температурада ұстаймыз, - деп түсіндіреді технолог Тамила Розметова.

Экологиялық таза өнімнің жарамдылық мерзімі бар-жоғы 14 күн құрайды.  Жақын күндері бұл өнімдер мұнайлы өңірдің супермаркеттерінде сатыла бастайды. Келешекте Ресей рыногына да шығару жоспарда бар.

Айтқандай, серіктестік келесі жылы жемістерден ашық және қоңыр түсті сыра мен алмадан сидр шығаруды қолға алмақ. Бұл сусындардың барлығы германиялық технологиямен жасалуда, ол үшін Германиядан арнайы мамандар шақырылып, қызметкерлерді оқытып-үйретіп отырады. Алдағы қаңтар айында келетін неміс технологы Махамбет ауданы мен Сарайшық ауылының бірқатар тұрғынын тың кәсіптің қыр-сырына баулымақ.

Қазір Сарайшықтағы цехта сегіз адам тұрақты жұмыс істеп жатыр. Көктем-жаз айларында олардың саны алпысқа дейін көбейеді.  Тамила Розметованың айтуынша, олар алманың 32 түрімен жұмыс істейді. Оның ішінде, өздері сұрыптау жолымен алған «Махамбет», «Нұрсұлтан» сорттары да бар.  


Фото: дереккөз
Загрузка...