Атырауда «Саз пернелі Сарайшық» байқауы өтеді

19 Сәуір 2019, 22:29
3797
Бөлісу:
Атырауда «Саз пернелі Сарайшық» байқауы өтеді

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауда алғаш рет Халықаралық домбыра фестиваль-байқауы өтеді. Түркітілдес халықтар арасында өтетін «Саз пернелі Сарайшық» фестиваліне Қазақстанның барлық аймағынан және шет елдерден келген өнер ұжымдары қатысады.

Ішекті-шертпелі домбыра тектес аспаптар арасында ұйымдастырылатын конкурстың басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеу, дамыту және ежелгі астанамыздың бірі, жеті хан жерленген киелі Сарайшық қаласын ұлықтау.

Додаға түсетін музыканттарға Қазақстанның танымал өнер қайраткерлерімен бірге шет мемлекеттен келетін әйгілі кәсіби өнер шеберлері қазылық етеді. Сонымен қатар, фестивальге алғаш рет Индонезияның ұлттық кәсіби оркестрінің дирижері Франки Раден өз ансамблімен қонақ ретінде қатысады деп күтілуде.

«Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткелі отырған байқауға қатысуға тілек білдірушілер саны аз емес», - дейді ұйымдастырушылар.

Олардың айтуынша, байқаудың отандық және шетелдік қатысушыларына қойылатын бірнеше талабы бар.

«Бұл конкурсқа жасы 35-тен жоғары талапкерлердің қатысуына мүмкіндігі бар, шектеу жоқ. Тек бір ғана шектеу ол – мемлекет деңгейінде атағы бар адамдар қатыса алмайды. Бұл конкурстың тағы бір ерекшелігі – келген музыканттар, мейлі шетелдік орындаушылар болсын, өз музыкасымен бірге біздің қазақтың күйін орындауға міндетті», - дейді жоба авторы Айгүл Үлкенбаева.

Халықаралық фестиваль-байқау 2019 жылдың 26-28 сәуір аралығында өтеді. Сонымен қатар, фестиваль аясында облыс тұрғындары үшін Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында концерттік бағдарлама ұсынылмақшы.

Өзгелердің жаңалығы