Атырауда репрессия құрбандарын еске алды

31 Мамыр 2019, 22:07
2778
Бөлісу:
Атырауда репрессия құрбандарын еске алды
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі.Атырауда Жеңіс саябағында репрессияға ұшырағандарға арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. 

Бұл шараға саяси репрессия құрбандарының ұрпақтары мен облыс және қалалық әкімдік өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, Қазақстан Халқы Ассамблеясы, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарынан өзге түрлі басқармалар мен мекемелердің өкілдері, жалпы саны 150-ден астам адам қатысты. Сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ата-бабамыздың қанымен келген бірлікті сақтауға шақырды. 

Атырауда репрессия құрбандарын еске алды

«Бүгін біз кінәсіз жазаланған аға ұрпағымыздың рухының алдына бас ие отырып бүгінгі ұрпақтың зердесіне, олардың атқарған игі істеріне, идеялары үшін жан пида қылған істерін мәңгі қалдыру үшін осы жерге келіп отырмыз. Халқымыз талай «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұламадан» өтіп мың өліп, мың тіріліп бүгін егемен жағдайда тәуелсіз мемлекет болып әлемдік қауымдастықтағы өзінің орны бар лайықты мемлекет болып дамып келе жатыр. Осы жолда біраз ардақтыларымыз жанын пида етті. Олардың есімін, атқарған істерін ақтау біздің парызымыз»,-деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. 

Атырау облысы бойынша 11 мыңнан астам адам репрессия құрбаны болып, оның 800-ге жуығы атылған. Ал, 2000-нан астамы бас бостандығынан айырылса, 300-ге жуығы жер аударылды. 

Атырауда репрессия құрбандарын еске алды

«Әкем Бәжіқұлов Асан халық жауы деп аталып, 1937 жылдың қазан айында ұсталып кетіпті. Сол жылдың желтоқсан айында анам оның атылғанын естіген. Ол кезде мен анамның құрсағында қалыппын.Арманым әкемнің жатқан жерін көру, бір уыс топырақ салу»,-деп қуғын-сүргіннің құрбаны әкесін еске алған Атырау қаласы тұрғыны Назымхан Асанова көзіне жас алды.

Өзгелердің жаңалығы