Атырауда Рамазан айында «Ел үлесі пәтерге» жобасы қолға алынады

30 Сәуір 2019, 19:34
2556
Бөлісу:
Атырауда Рамазан айында «Ел үлесі пәтерге» жобасы қолға алынады
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысының бас имамы Батыржан Мансұров Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізіп, бірнеше күннен соң басталатын Рамазан айына байланысты жаңалықтармен бөлісті. 

Бас имамның сөзінше, биыл жан басына берілетін пітір садақаның құны 300 теңге болып бекітілген. Оны Рамазан айының бірінші күнінен Ораза айт намазына дейін беріп болу қажет.

«Шариғатта фидия деген бар. Фидия деген әрбір адамның оразаны ұстай алмағандығы үшін оның ақысын төлеуі. Биылғы фидияның құнын 45-50 мың теңге жобасында шығарып отырмыз, яғни күніне мың жарым теңге. Бұл таңғы және кешкі тамағының ақысы. Денсаулығына байланысты мүлдем ораза ұстай алмайтындар мен қариялар осы фидияны төлейді. Оны жағдайы төмен, мұқтаж адамдарға береді», - дейді Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров.

Облыстың бас имамының айтуынша, қасиетті айға жоспар өте көп. Қадір түнінде қариялардың мешітке келуі үшін тегін такси қызметін іске қосуды қолға алмақ . Одан өзге көпбалалы және жалғыз басты аналарға үй алып беруді мақсат еткен «Ел үлесі пәтерге» атты жоба қолға алынуда.

«Біз әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың қазір тізімін жасап жатырмыз. Осыған Рамазан айына жоспар құрудамыз. Пәтер алып беру мәселесін іске асырмақшымыз. Көмекті жалпы жамағаттан жинаймыз. Әр мешітке жәшік қоямыз. Оған жамағаттан арнайы комиссия бекітіледі. Жолдасы бар, бірақ жұмысқа жарамсыз аналар болады. Асыраушысы жоқ жалғызбасты аналар бар. Бірінші кезекте осындай категориялардағы отбасылар қамтылады», - дейді Батыржан Мансұров.

Өзгелердің жаңалығы