Атырауда Наурыз мерекесін тойлау кезінде әлемдік рекорд орнатылды

22 Наурыз 2019, 17:08
3290
Бөлісу:
Атырауда Наурыз мерекесін тойлау кезінде әлемдік рекорд орнатылды

 

Астана, BAQ.KZ. Қазақстандық балуан Сергей Цирюльников 57 секундта 32 блокнотты жыртты, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырауда Наурыз мейрамына арналған шаралар жалғасуда. Бес мыңға жуық көрермен Сұлтан Бейбарыс алаңындағы музыкалық-театрландырылған қойылымды тамашалады.

 

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтау сөзін өткен түнде қаза тапқан полиция сержанты Шалқар Ақымбековты еске алумен бастады.
Атырауда Наурыз мерекесін тойлау кезінде әлемдік рекорд орнатылды

"Полиция қызметкерінің отбасы үшін бұл орны толмас қаза. Қайтыс болған жігіттің анасы жақында отағасынан айырылды, кеше сүйікті ұлы ажал құшты. Өкінішке қарай, алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз, сондықтан бір-бірімізді бағалайық. Наурызда ренжіскен адамдар татуласып, жақсылық тілеген. Баршаңызға денсаулық, өзара түсіністік пен отбасы жылуын, берекесін тілеймін", - деген аймақ басшысы жиналғандарға полицейді бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынды.
 

Сонымен қатар, облыс әкімі атап өткеніндей, Елбасы өзінің өкілеттігін тоқтату жөніндегі жауапты шешімді осы Наурыз мерекесі қарсаңында қабылдады. 

"Тәуелсіздік жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетіміздің халықаралық аренадағы беделін арттырды. Қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтты. Республиканың қалыптасуындағы оның рөлі өлшеусіз. Əлемдік қауымдастық үшін еліміз әр уақытта Қазақстанның Бірінші Президентінің жетістіктерімен егіз атала береді", - деді Нұрлан Ноғаев.
Мерекенің құрметті қонағы – қазақстандық балуан Сергей Цирюльников әлемдік рекорд орнатып, 57 секундта 32 блокнот жыртты.

Наурыз мерекесіне арналған шаралар кешке дейін жалғасады. Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония оркестрінің концерті, ең әдемі киіз үй байқауы, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.

Айта кетейік, Сұлтан Бейбарыс алаңында өңірдегі мекемелер мен компаниялар 22 ағаш үй тіккен. Қала бойынша 45 киіз үй тігілді. 21 наурызда қала маңындағы елді мекендерге мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Бүгін, 22 наурызда мереке 12 алаңда өтіп жатыр.

Сағат 20.00-де Сұлтан Бейбарыс алаңында жергілікті және қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт болады. 23.00-де атыраулықтар мерекелік отшашуды тамашалайды.
 

Өзгелердің жаңалығы