Атырауда киік мүйізін Қытайға сатып келген қылмыстық топ анықталды

7 Наурыз 2021, 19:44
2450
Бөлісу:
Атырауда киік мүйізін Қытайға сатып келген қылмыстық топ анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда 12 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ Қазақстаннан Қытайға киіктің мүйізін сатумен айналысқан. Жақында қылмыстық бизнеске қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы "Ақ Жайық" басылы жазды.

Қылмыстық топтың басшысы 38 жастағы Қытай азаматы – этникалық қазақ. Ол Синьцзянь-Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Құлжа ауылында туып-өскен. Қытайда бала кезінен түрлі кәсіппен айналысып, кейін Қырғызстанға келіп, көкініс, киім-кешек, мата, ыдыс-аяқ сатқан.

Ол 2016 жылы алғаш рет Қазақстанға келіп, Тараз бен Алматыда бизнес ашқысы келген. Бірақ жолы болмай, бір жылдан кейін Қытайға қайта оралған. Онда сол кезде ислам дінін берік ұстанған адамдар қудаланып, солармен бірге оның 3 ағасы Синцзяньдағы арнайы түзеу лагеріне қамалған. Қазақстанға қайта келген ол, 2018 жылы ҚР азаматтығын алыпты.

Сол 2018 жылы ол қылмыстық жолмен кәсіп бастап, өзінің бұрынғы туған жеріне киіктің мүйізін сатқан. Сот талқылауында анықталғандай, сол жылдың жаз айынан бастап киік мүйіздерін шығыс медицинасымен айналысатындарға сату мақсатында қылмыстық топ құрыпты.

Алдымен оған Алматы мен Шымкент қаласының тұрғындары кірсе, артынан топ құрамы Орал, Атырау, Қызылорда, Шымент, Қарағанды, Жезқазған тұрғындарымен толыққан.

Олар киік мүйіздерін жоғарыда аталған өңірлерден сатып алып, пойызбен Алматыға (жолсеріктер қаптамада не бар екенін білмейді) жеткізіліп, ары қарай Қытайға жөнелтіліп отырған.

2019 жылдың қазанында ҰҚК қызметкерлері Алматы, Ақтөбе және Атырауда қылмыстық топ мүшелерін ұстады. Тінту барысында 1 тонна 118 келі киіктің мүйізі тәркіленді. Қылмыскерлер жануарларды өлтіріп, етін далаға тастап, мүйізін кесіп алып отырған. Олардың заңсыз әрекетінен мемлекетке 5 млрд 665 млн теңге зиян келтірілген. Аталған іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып, сот 12 адамды ҚР ҚК-нің 262 және 339-бабымен кінәлі деп тапты.

Қылмыстық топ басшысы 8 жылға бас бостандығынан айрылды. Сотталушылар қылмыстарын мойындамай, облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірген. Дегенмен сот үкімі өзгеріссіз қалды.

Өзгелердің жаңалығы