Атырауда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді

30 Сәуір 2021, 18:18
4795
Бөлісу:
Атырауда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді
Сұхбат PHOTO
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысындағы ауыл шаруашылығының қарқыны, шаруалардың жай-күйі туралы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламатпен сұхбаттастық.

Атырауда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді
Тілші: Атырау облысында ата кәсіп - ауыл шаруашылығының даму қарқыны қандай деңгейде?

- Жылдан жылға ауыл шаруашылығына қызығушылық артып келеді. Қарқын да жаман емес. Соңғы жылдары егіс көлемі ұлғайып келеді. Көкөніс өнімі көбейді. 307 ауыл шаруашылығы құрылымдарында 1 536 адам адам қызмет атқарды. Егін шаруашылығындағы 4 бюджеттік субсидиялау бағдарламаларына жергілікті бюджеттен 219,0 млн теңге қаржы бөлініп, толық игерілді. Сондай-ақ мал шаруашылығында өсім бар. Өткен жылы статистикалық мәліметке сәйкес ірі қара малы 180,3 мың басты, түйе 32,9 мың басты, жылқы 91,7 мың басты, қой-ешкі 579,7 мың басты, құс 263,2 мың басты құрады. Өндірілген өнімдерге тоқталатын болсақ, ет тірілей салмақта 55,6 мың тонна сүт 64,7 мың тонна, жұмыртқа 55,01 млн дана өндірілді. Облыс аймағында агроөнеркәсіп өрісі жыл сайын төрт түлік малдан және олардан өндірілетін барлық өнімнен өсім бар екендігі байқалады.

Соңғы жылдары облыста жылыжай өсіруге қызығушылық артып келеді. 2018 жылы Жылыой ауданынан 2 гектар жылыжай кешені іске қосылса, 2019 жылы Атырау қаласынан тағы 2 гектар жылыжай іске қосылып, облыс бойынша жұмыс жасап отырған 61 жылыжайдың барлық көлемі 16 гектарға жетті. 2020 жыл ішінде жылыжайлардан барлығы 2779,1 тонна өнім алынды.

Облыс көлемінде 36,1 мың тонна болатын 26 азық-түлік, көкөніс сақтау қоймалары жұмыс жасайды. 2021 жылы облыста тағы да көкөніс сақтау қоймалары салынбақ. 

Атырауда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді

Тілші: Пандемия салдарынан көптеген кәсіп тұралап қалды. Ал аймақтағы ауыл шаруашылығында қандай қиындықтар туындады? 

- Облыс аймағында пандемия салдары кезінде қиындықтар кездесті. Бірақ уақытында барлық жағдайлар шешілді. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдері уақытылы шығарылды. Барлығы да қажетті сұраныстарға байланысты тапсырылды. 

Тілші: Мал шаруашылығында шетелдік тәжірибелер енгізіліп жатыр. Атырау облысы шаруашылықтарында қандай жаңалық бар? Мал басын асылдандыру бағытында қандай жетістіктер бар? 

- Мал бағуда шетелдік тәжірибелер енгізіліп жатыр деп айта алмаймын. Себебі біздің аймақтың климаты келмейді. Қыс суық, жазы ыстық, шөлейт өңір. Сондықтан өзіміздің ата кәсібіміздегі тәжірибені қолданған дұрыс. Ал шетелдік жаңа технологияларды көптеген шаруашылықтар қолданып жатыр. Егінде тамшылатып суару, мал азығын дайындауда жаңбырлатып суару әдістері бар. Ал асыл тұқымды мал өсіруші шаруашылықтар саны жыл сайын көбейіп келеді. 2018-2019 жылдары асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықар 29 болса, биыл 40-қа жетті. Асыл тұқымды мүйізді ірі қара сатып алушылыр жыл сайын көбейуде. Сиыр малының аталығы мен аналығына 150 мың теңге, жылқы малына аталығына да 150 мың теңгеден субсидия беріледі. Мемлекет тарапынан осындай қолдаулар бар.

Егін шаруашылығында тамшылап суару технологиясын енгізілді. Қазір аймақта 180-нен астам шаруашылық осы әдісті пайдаланады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде тамшылатып суару технологияларын пайдалану көрсеткіші 3 006 гектарға, жаңбырлатып суару 696 гектарға ұлғайды.

Тілші: Құс шаруашылығы өнімдерінің бағасы өсті. Сұраныс та аз емес. Жергілікті кәсіпкерлер осы шаруашылық өнімімен аймақ халқының қанша пайызын қамтып отыр?

- Пандемияға байланысты құс шаруашылығының өнімі азайып кетті. Өйткені құстардың азығы қымбаттап, шетелден жеткізудің өзі қиындады. Бірақ өткен жылдың соңында 176 мың жас балапандар сатып алынды.

Сондай-ақ Құрманғазы ауданына қарасты «Бұйырғын» ЖШС құс етін өндіретін фабрика ашылып жұмыс жасауда. Былтыр 126 тонна құс етін өндіріп халықтың сұраныстарына орай орталық қала базарларына сатылды. Биыл осы өнімді ұлғайтуға жұмыстанып жатырмыз. Жалпы Атырау облысы халқын құс шаруашылығы өнімімен қамту 15-20 пайыз көлемінде, басым бөлігі сырттан келеді.

Атырауда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді

Тілші: Атырау облысындағы ауыл шаруашылықтарынан қандай өнімдер экспортқа шығарылады?

- Атырауда ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шықпайды, тек балық өнімдері шығарылады.

Тілші: Жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп отырған зауыттар не цехтар бар ма? 

- Махамбет ауданында «Первомайский» ЖШС-гі сауылған сүттен түрлі қаймақ, май,иогорт, ірімшік, айран т.б. сүт өнімдерін, «АсылАгро» шаруа қожалығы ет өнімдерін шығарады. Құрманғазы ауданында құс етін өндіретін «Бұйырғын» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Сондай-ақ, жұмыртқа өндіретін «Алмалы» құс фабрикасы жұмыс істеп тұр.

Тілші: Атыраулық шаруалардың мал терісін өңдеу мәселесін көтеріп жүргендеріне біраз болды. Осы мәселе шешімін тапты ма? 

- Өкінішке қарай, мал терісін өндейтін зауыт жоқ. Бірақ мәселе бар. 

Тілші: Ауыл шаруашылығына жұмысшылар жетіспейді дейді. Шетелдік мигранттар ғана мал бағуға, егін егуге келетінін көп жерде айтып жүр. Біздің аймақта шаруа қожалықтарында жұмыс күші жеткілікті ме? 

- Көктемгі дала жұмыстары кезінде жұмыс күшіне сұраныс артады. Жұмысшылар тапшы болады. Осы кезде шетелдік мигранттар келеді. Биылдың өзінде облыстағы көктемгі ауыл шаруашылығы жұмыстарына 600-ден астам шетелдік келді.

Тілші: Атыраулық шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар мен оларды жүйелі іске асыру жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр?

- Мемлекет тарапынан облыстың ауыл шаруашылығы саласына 8 түрлі субсидия төленіп отыр. 2020 жылы төленген барлық субсидия көлемі 3 742 739,5 мың теңгені құрады. Мал шаруашылығына 1 590 932,0 мың теңге, егін шаруашылығына 218984,8 мың теңге, инвестициялық субсидия 1 637 464,7 мың теңге, сыйақы мөлшерін субсидиялауға 295 358,0 мың теңге берілді. Инвестициялық субсидия барлығы 630 шаруашылыққа төленді. Олар ауыл шаруашылығы техникалары мен құралдарына берілді. Лизингі әдісіменм өткен жыл ішінде 90 дана ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде, Атырау облысына ауылды елді мекендер мен шағын қалаларда жыл ішінде барлығы 290 жобаға 1 259 341,0 мың теңге несие берілді. Игерілуі 100 пайыз. Нәтижесінде 122 жұмыс орны құрылды. Берілген несиелердің бағыттарын жіктесек, мал шаруашылығын дамытуға 167 жоба, өсімдік шаруашылығына 1 жоба, кәсіпкерлікті дамытуға 122 жоба қаржыландырылды.

Тілші: Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы