Атыраулық суретшілер туралы жинақ жарық көреді

8 Желтоқсан 2019, 13:06
5242
Бөлісу:
Атыраулық суретшілер туралы жинақ жарық көреді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жоспарда тұрған жинаққа атыраулық суретшілердің өмірбаяны мен туындылары енетін болады, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Мұндай дүниелер бейнелеу өнерінің жаңа тынысын ашуға септігін тигізеді. Осыдан 17 жыл бұрын Болат Байжігітов атты өнертанушы “Атырау нақыштары” деген атаумен атыраулық суретшілердің жинағын шығарған болатын. Одан кейін ешқандай дүние жарық көрмеді. Осы уақыт ішінде өңірімізден қанша жас суретші шықты?! Қалың жұртшылықты айтпағанда, олар аға буын суретшілердің шығармаларымен, біздер олардың шығармаларымен жете таныс болсақ екен деймін. Сол себепті де осындай жинақ шығаруға ниет етіп отырмыз, - дейді, Қазақстан суретшілер Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Айса Отаралиев. 

Қазіргі таңда, Одақ филиалының құрамында 22 атыраулық суретші бар. Олардың туындылары республикалық, халықаралық көрмелерде қойылып жүр. Солардың бірі - жақында Алматы қаласында өткен есептік көрме. Оған  өңірімізден  Оразбай Қарабалин, Марат Рахметов, Кендір Отарбай, Айса Отаралиевтің жұмыстары қабылданып, шығармалары Әбілхан Қастеев галереясына қойылды. 

Айта кетейік, жыл басынан бері облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, суретшілерге арналған әртүрлі деңгейдегі жиырмаға жуық шара өтті. Олардың қатарында, Халықаралық суретшілер симпозиумы да, жас қылқалам шеберлеріне арналған көрме-байқаулар да бар.

Өзгелердің жаңалығы