Атырау полицейлері 4 күн бұрын жоғалған баланы тапты

14 Мамыр 2020, 15:18
2308
Бөлісу:
Атырау полицейлері 4 күн бұрын жоғалған баланы тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 15 жастағы жасөспірімнің үйдегілерге айтпастан, аудан орталығынан 100 шақырым жердегі Қарабау ауылындағы атасының үйіне жиі кетіп қалатын әдеті бар екен.

Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы ауылының тұрғыны  15 жастағы ұлының үйінен шығып кетіп, оралмағанына 4 күн болғаны  туралы қалалық полиция департаментіне хабар береді.

Сол бойда аудан полиция бөлімінің, округтердегі полиция бөлімшелерінің  барлық жеке құрамы  жұмылдырылып, кәмелетке толмаған баланы жан-жақты  іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Топ-топ болып бөлінген сақшылар ауданның ауыл-селоларын, далалық жолдарды түгел қамтиды.
Арада ұзамай, полиция бөлімінің  учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны А.Сәрсенғалиев, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, полиция майоры Б.Байжан, патрульдік полиция аға инспекторы, полиция капитаны  Ж.Аманжолов, анықтаушы  полиция лейтенанты О.Еламан, жедел уәкіл полиция капитаны  Ш.Наурызғалиев  баланы Миялыдан 4-5 шақырым жердегі ауылға апаратын жол бойынан тауып, анасына  тапсырды.

1976 жылғы  азаматшаның айтуынша, ұлының үйде жоғына алғашқыда  қатты  мән бермеген,  атасына  кеткен болар, деп ойлаған. Өйткені,  бұрын да үйдегілерге айтпастан, аудан орталығынан 100 шақырым жердегі Қарабау ауылындағы атасының үйіне жиі кетіп қалатын. Бірақ, атасына телефон шалғанда баланың келмегенін айтады. Азаматша барлық туған-туыстарынан сұрастырып, төрт күн бойы іздеп таппаған соң полицияға жүгінген. 

Ювеналды полиция тобының инспекторлары, арнайы психолог мамандар  баламен сөйлесіп,  дәрігерлер баланың денсаулығын, дене жарақаттарының бар-жоғын тексерді. Полицейлер жасөспірімнің ата-анасымен де түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 
Баланың айтуынша, үйінен шығарда жылы киімін, асылмалы сөмкесіне азық-түлігін де алып шыққан. Күндіз далада "серуендеп",  түнде таныс достарының үйіне қонып жүріпті.

Азаматша  ұлын бір кісідей жұмыла тауып берген Қызылқоға ауданы полиция бөлімі қызметкерлеріне алғысын білдірді.



Өзгелердің жаңалығы