Атырау облысындағы әлеуметтік орталықтарда қауіпті дерт тіркелмеген

24 Шілде 2020, 14:00
1607
Бөлісу:
Атырау облысындағы әлеуметтік орталықтарда қауіпті дерт тіркелмеген

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысында 3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Олар - қарттар үйі, 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға және жүйке ауруымен ауыратын ересектерге арналған орталықтар.

Ересектерге арналған орталық Махамбет ауданындағы Сарайшық елді мекенінде орналасқан. Ал қарттар үйі мен мүгедек балаларға арналған орталық Атырау қаласында. Қазіргі таңда бұл нысандардан 438 адам қызмет алуда. Оның ішінде 38 бала, 85 қартымыз және жүйке ауруына шалдыққан 315 адам бар. Төтенше жағдай кезінде осы қамқоршысы жоқ жандарға әлеуметтік сала қызметкерлері бар күш-жігерлерін салып, оларды қауіпті дерттен қорғады, - дейді Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.

Жалпы облыстағы осы әлеуметтік орталықтарда 358 маман жұмыс істейді екен. Басқарма басшысының айтуынша, қарттар мен жарымжандардың жағдайы тұрақты. Қауіпті дерттен дін аман екен.

Бұл орталықтағыдардың жағдайы жақсы. Азық-түліктері, дәрі-дәрмектері жеткілікті. Жиі аралап, тұрмыстарын бақылап тұрамыз. Санитарлық дәрігерлер де келіп, оларды қадағалайды, - деді Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Атырау облысы бойынша өкілдері бұл орталықтағы азаматтардың зейнетақылары мен жәрдемақылары уақытылы, заңдылықтар бойынша төленіп жатқандығын айтты.

 

 

Өзгелердің жаңалығы