Атырау облысында әлеуметтік карта жасалады

7 Наурыз 2019, 21:50
2185
Бөлісу:
Атырау облысында әлеуметтік карта жасалады

Атырау облысы, BAQ.KZ. Әлеуметтік осал топтардың қатарындағы және көп балалы отбасылар мемлекет қамқорлығын көп кешікпей сезінулері керек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолдау алдымен мұқтаж отбасыларға көрсетілуі қажет. Қазақстандықтарды 1 сәуірден бастап жақсы өзгерістер күтіп тұр.

 Атырау облысы мекен-жай әлеуметтік көмекті тағайындауға қатысты өзгертулер мен ережелерді іске асыруға дайын. 

Журналисттермен брифингте Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла әр отбасыға жеке әлеуметтік карта жасау бойынша атқарылатын жұмыстарды айтты.

1 қаңтар 2019 жылғы дерек бойынша облыста мекен-жай әлеуметтік көмегін 2035 отбасы (10949 адам) алған.

-Осы санатты азаматтар үшін бюджеттен 677 млн теңге қаралды. Қазір аталған тізімді бірыңғайлау жұмысы жүріп жатыр. Қызметкерлеріміз әр үйге барып, жағдаймен танысуда. Президенттің мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету туралы тапсырмасына байланысты жоғарыда аталған соманы 1 млрд теңгеге дейін көтеруді жоспарлап отырмыз,-деді Серік Қамидолла.

Қазір облыс бойынша 16 485 көп балалы ана, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 3341 ана бар.

Серік Қамидолланың айтуынша, мекен-жай әлеуметтік көмегі табысы күн көрістің ең төменгі мөлшерінен 50% төмен азаматтарға, отбасыларға шартты немесе шартсыз ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Шартсыз ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі. Ал шартты ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және (немесе) қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына табысы аз адамдардың (отбасылардың) міндетті қатысуы шартымен оларға ай сайынғы және біржолғы ақшалай төлем нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.

-Мекен-жай әлеуметтік көмегін тағайындау кезінде отбасының жиынтық табысынан көп балалы отбасыларға (аналарға), «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлеріне, мүмкіндігі шектеулі балаларға берілетін жәрдемақылар алып тасталады. Ай сайын аз қамтылған отбасындағы әр балаға 20 789 теңге мөлшерінде кепілдік көмек төленеді, - деп түсіндірді Серік Қамидолла.

​Сонымен қатар, мемлекет көмегін мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырғандар да ала алады.

​С.Қамидолла бұрын мекен-жай әлеуметтік көмегін алып келген азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

​-Мекен-жай әлеуметтік көмегін алып келген 10 949 адамның 1525-і тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. Жалпы алғанда өткен жылы облыс бойынша біздің басқармада жұмыссыз ретінде тіркелген 24 674 адам жұмыспен қамтылды, -деп атап өтті Серік Қамидолла.

​Мекен-жай әлеуметтік көмегін тағайындау рәсімі биыл жеңілдетілді. Оны алу үшін жеке куәлікті көрсету керек. Құжаттарды өңдеуге қатысты басқа жұмыстар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы жүргізіледі.

Өзгелердің жаңалығы