Бас жаңалықтар
Атырау облысында дәрігерлер жетіспейді
04 Қараша 2019, 13:50 424

Атырау облысында дәрігерлер жетіспейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда Атырау облысында дәрігерлер тапшылығын жою мақсатында ауқымды істер атқарылып жатса да, кадр жетіспеушілігі 30% құрап отыр. 

Бұл туралы Нұрлан Ноғаев тілшілерге берген баспасөз мәслихатында мәлімдеді. 

Денсаулық сақтау саласында материалдық-техникалық базаны жақсарту, дəрігерлер жетіспеушілігін төмендету бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы облысқа əртүрлі бағыттағы 160 дəрігер келді. 2019 жылы қосымша 130 дəрігер шақыртылды. Бүгінгі таңда кадр жетіспеушілігі 30%-ды құрап отыр, - деді Атырау облысының әкімі.

Ол жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бұл мәселенің оң шешімін табатынын жеткізді. 

Бұдан бөлек, облыс бойынша білім беру саласы мен денсаулық сақтау саласындағы кадрмен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 178 грант бөлінген екен (130 – бакалавр, 48 - резидентура). Соның ішінде, медицина саласындағы мамандықтар үшін арнайы 48 резидентураға арналған грант бөлініп отыр.

Тағы бір айтатын дүние, Атыраудағы жалғызбасты жəне көпбалалы аналарды қолдау мақсатында "Іскер ана" жобасы жүзеге асуда. 

Жоба аясында қатысушылар 10 мамандық бойынша кəсіпкерлік, психология, маркетинг бойынша маман-тренерлердің екі апталық курстарында оқиды. Жоба басталғалы бері 901 адам оқып шығып, қосымша мамандық игерді.

Аймақ басшысының сөзіне сүйенсек, Атырау облысында 79 үй апатты жағдайда. Оның 74-і облыс орталығында және 12 апатты жағдайдағы жатақхана бар.

Ағымдағы жылдың соңына дейін апатты үйлер тұрғындары үшін 720 пəтерлік 3 көпқабатты үй пайдалануға берілмек. Жаңа баспанаға 7 апатты жатақхананың тұрғындары көшірілетін болады. 2019 жылы 77 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланды (5533 пəтер). Оның ішінде 32 үй (2755 пəтер) пайдалануға берілді. Қалған үйлерді 2020 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр, - деп алдағы істің мән-жайымен де таныстырып өтті. 

Оған қоса, биыл Атырау облысының көліктік инфрақұрылымын дамытуға 39 млрд теңге бөлінген.

Жоба бойынша 32 елді мекенге жалпы ұзындығы 165 шақырым болатын жол салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда, автомобиль жолдарының 85%-ы жақсы сапада. "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша республикалық маңызға ие Ақтөбе-Атырау-Астрахань жолының 432 шақырымына реконструкциялау жүріп жатыр. Республикалық трассаның 60 шақырымындағы жөндеу жұмыстары 2021 жылдың ортасында, ал қалған бөлігі 2022 жылы аяқталады деп күтілуде, - деді әкім өз сөзінде.
Бұған дейін Нұрлан Ноғаев Атырау облысында 4 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 35 жоба іске асырылып жатқанын хабарлаған.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...