Атырау облысында алты күнде 1,5 тонна балық заңсыз ауланған

7 Сәуір 2021, 23:15
2506
Бөлісу:
Атырау облысында алты күнде 1,5 тонна балық заңсыз ауланған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атыраулық инспекторлар алғашқы алты күнде 1,5 тоннаға жуық заңсыз ауланған балықты қолға түсірді, деп жазды «Хабар 24». 

Су маржандарының көктемгі уылдырық шашатын шағын қалт жібермейтін браконьерлерге тыйым болмай тұр. Әсіресе, Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасында өршіп тұр. Сондықтан Жайық–Каспий бассейнінде балық қорын қорғауға арналған дәстүрлі «Бекіре-2021» акциясы басталды. 

Биыл Жайық-Каспий бассейнінде 4,5 мыңнан астам балықшы 12 учаскеде кәсіптерін бастады. Олар мемлекет бөлген 8 мың тонна лимитті орындауға кіріскен. 

Ұсақ балықтар келуде. Қарагөз, табан, сыла балықтары. Енді ауды тартқан сайын 100-200 келінің үстінде балық түседі. Бастамасы ғой, алда балық болады деген ойдамыз. Ау-қоржынымыз мол болып, жел оңынан туса, мемлекеттің бізге бөлген лимитін орындаймыз деп ойлаймын, - дейді балықшы Қалекен Меделов.

Балық басы көрінгелі браконьерлік те белең ала бастады. Кешегі бір тәулікте балық қорғаушылар өзеннен жүзге тарта иесіз ау шығарып, 437 келі балықты заңсыз айналымнан шығарды. 

Биылғы балық қорғау шарасы батыс өңірдегі үш облысты қамтып отыр. Оған балық қорғаушылардан өзге су полициясы, шекарашылар да жұмылдырылған. Инспекторлар айдын үстінде реттік шаралар ұйымдастырып балық жүретін жолдарды үнемі тазалап отырады. Балық қорғау шарасы басталған алты күнде 1,5 тонна балық заңсыз айналымнан алынса, екі браконьерлік су көлігі тәркіленген.


Өзгелердің жаңалығы