Атырау облысына бір тоқсанда медициналық сақтандыру қорына 6 млрд 537 млн теңге жарна түскен
21 Мамыр 2021, 09:02 721

Атырау облысына бір тоқсанда медициналық сақтандыру қорына 6 млрд 537 млн теңге жарна түскен

Атырау, BAQ.KZ тілшісі . Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Атырау  халқының денсаулығын жақсартуға 50,4 млрд теңге бөлген. Оның  31 миллиард теңгеден астамы тегін медициналық көмекке, ал 19,32 миллиард  теңгесі міндетті сақтандыруға  қарастырылған. 

Жыл басынан бері 48,9 миллиард теңге сомасына 63 медициналық қызмет жеткізушімен 189 келісім шарт жасалды. Тұрғындарға медициналық қызмет көрсету үшін тартылатын жеке меншік жеткізушілердің өсу үрдісі сақталуда. Егер өткен жылы филиалмен 58 жеке жеткізуші жұмыс істесе, биыл олардың саны 67-ге дейін өсті. Сондай-ақ, биылдан бастап қор филиалы амбулаториялық-емханалық және стационар алмастырушы көмектерді, ауылдық денсаулық сақтауды, қашықтықтан медицинаны, профилактикалық тексерулерді, мейірбикелік көмекті және патронаждық қызметтерді қаржыландыруды ұлғайтты,-дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек.

Ауыл халқының медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру үшін 5 жылжымалы емхана сатып алынған.

Биылғы жылы барлық ауыл тұрғындарына 8 жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетеді. Бұл мобильді емханалардағы мамандардан елді-мекен халқы кеңестер алады. Скринингтерден, диагностикадан өтеді. Зертханалық талдаулар тапсыруға, вакцинация жасауға, ауруханаға жатқызуға жолдама алуға болады. Сонымен қатар медициналық көмектің бірқатар басқа да түрлерін ала алады,-дейді Сәбит Құралбек.

Қор басшыларының айтуынша нысаналы топтар ішіндегі пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге көңіл бөлінген. Биыл амбулаториялық дәрі – дәрмекпен қамтамасыз етуге 4542,81 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектерді сатып алуда кідірістерге жол бермеу үшін алдын-ала аванстық төлемдер түрінде қаражат жібереді екен. Сәбит Құралбектің сөзінше Атырау облысы халқының 86,7% - ы медициналық сақтандырылған.

Облыста 572 124 адам медициналық сақтандырылған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен 87 935 азамат тыс қалып отыр. Бұл атыраулықтардың медициналық қызметтерге қолжетімділігіне қиындықтар туғызады. Алайда олар әрқашан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтерді алуға құқылы. Сақтандырылмаған азаматтар ішінен 71 292 адам тұрақсыз төлеушілер болып табылады. Яғни олар үшін бір кездері қандай да бір аударымдар және жарналар алынған. Бірақ олар тұрақты емес, соның салдарынан берешек пайда болады және медициналық сақтандыруда сақтандырылу мәртебесі жоқ. Төлемдердің жүйелілігін сақтау маңызды. Оған қоса 16 643 адам бір рет болса да МӘМС-ке жарна төлемеген,-дейді қордың облыстағы директоры.

Атырау облысы бойынша биылғы бірінші тоқсанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 6 млрд 537 млн теңге жарна түскен. Қор ашылғалы аймақтан жинақталған қаржы 36 млрд 535 млн теңгені құрап отыр.




Фото: дереккөз
Загрузка...