Атырау облыстық перинаталдық орталығы шетінеген нәрестелерге дұрыс диагноз қоймаған

23 Қазан 2019, 17:40
3177
Бөлісу:
Атырау облыстық перинаталдық орталығы шетінеген нәрестелерге дұрыс диагноз қоймаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сарапшылар Атырау облыстық перинаталдық орталығында шетінеген нәрестелерге қойылған негізгі клиникалық, патология-анатомиялық диагноздардың 15,4%-ын ғана растады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова мәлімдеді. 

2019 жылдың 9 айында Атырау облысында 1 жасқа дейінгі 156 сәби өлімі тіркелген. 
"Облыстық перинаталдық орталықта тамыз-қыркүйек айларында өлім-жітім айтарлықтай өскен. Осыған байланысты, осы жылғы тамыз (26 факт) және қыркүйек (16 факт) айларында көз жұмған балалардың 42 медициналық картасына егжей-тегжейлі талдау жүргізілді. Олардың 73,4% салмағы 500 грамнан 2,5 келіге дейінгі шала туған нәрестелер екені анықталды", - деді Бюрабекова.

Комитет төрағасы медициналық карталар мен гистологиялық материалдарды сараптау кезінде  сарапшылар тамыз айында 22 сәби өліміне (84,6%) бұрын қойылған диагнозды растамаған. 
"Өлім-жітім фактілерінің 82%-іне, яғни көз жұмған 12 балаға бактериялды сепсис диагнозы, 4 балаға (8%) басқа да диагноздар қойылды. Осылайша  Атырау облыстық перинаталдық орталығында шетінеген нәрестелерге қойылған негізгі клиникалық, патология-анатомиялық диагноздарының 15,4% ғана расталды.  Қыркүйекте 35 сәби өліміне қойылған диагноз сарапшылармен расталса, ал 65 диагноз расталған жоқ. Оның 8 фактісіне бактериалды сепсис себеп болды, бұл оған дейін қойылған диагнозда көрсетілмеген. Анализ Атырау облыстық перинаталдық орталығында санитариялық-эпидемиологиялық режимді сақтауды қамтамасыз етпеу нәтижесінде қыркүйек айында жаңа туған нәрестелерге ауруханаішілік жұқтырудың жалғасып, ауруханаішілік инфекциялардың дамығанын көрсетті. Бұл факт мониторинг кезінде эпидемиологиялық тексеру нәтижелерімен расталды", - деді ДСМ өкілі.
Ол мәліметтерді өңдеу нәтижесінде облыста нәресте өлімінің өсуіне әкеп соқтырған бірқатар жүйелі проблема анықталғанын айтты.
"Облыстық перинаталдық орталықтағы негізгі бұзушылықтар –  дезинфекциялық-зарарсыздандыру тәртібін бұзу, бір реттік материалдармен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі, копурстарда вентиляцияның жұмыс істемеуі. Осылайша комиссия тамыз-қыркүйекте ауруханаішілік инфекциядан 42 өлімнің 26-сы тіркелгенін анықтады. Комиссия жұмысы кезінде аймақтағы мәселелер анықталды. Өңірде медициналық ұйымдардың инфрақұрылымы тозған, олардың материалдық-техникалық жарақтандырылуы жаңартылмаған, кадрлардың тапшылығы сақталуда және мамандарды тартуға әлеуметтік пакет жоқ", - деді ол.

Оның сөзінше, облыстың медициналық ұйымдарының қызметіне және олардың арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыруға бақылаудың жеткіліксіздігі анықталған. 
"Денсаулық сақтау саласында кадрларды даярлау, біліктілігін арттыру және қайта даярлау жөніндегі қызметті ұйымдастыру және үйлестіру жұмысы байқалмады. Оның ішінде ауруханаішілік инфекцияның өсуіне және шала туған нәрестелерде ауыр септикалық асқынулардың артуына әкеп соққан инфекциялық бақылау талаптары сақталмайды", - деді Бюрабекова.
Естеріңізге сала кетейік, Атыраудағы дәрігер жаңа туған сәбиді тоңазытқышқа салып өлтірді деген күдікке ілінген болатын. Сонымен қатар, Атырау облысының бас дәрігері нәресте өліміне қатысты пікір білдірген еді. Егер ақ халаттылардың кінәлары дәлелденсе, олар 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылулары мүмкін.

Сонымен қатар, Біртанов баланың өлімі туралы жазбаны өзгертуге болатынын айтқан еді.  Сондай-ақ, бұған дейін Атырау перинаталдық орталығының 31 дәрігері жұмыстан шығу туралы өтініш жазғаны хабарланған болатын.

Ал Атыраулық дәрігерлер әріптестеріміздің кінәсі нақты дәлелденбей, жала жабылып жатыр деп ашынады. Тіпті, осы шу басталғалы орталыққа келген халық түрлі мінез-құлық танытып, перзентханадағы барлық қызметкерді қылмыскер көреді екен.

Атырау облысында 9 айда 156 нәресте шетінегені туралы осыған дейін хабарлағанбыз.

Өзгелердің жаңалығы