Атырау модульді инфекциялық ауруханасына 300-ден астам медициналық маман қажет

28 Тамыз 2020, 13:56
1576
Бөлісу:
 Атырау модульді инфекциялық ауруханасына 300-ден астам медициналық маман қажет

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысында құрылысы жүріп жатқан модульді инфекциялық ауруханаға 300-ден астам медициналық маман қажет. 

Денсаулық сақтау басқармасы басшыларының айтуынша, бірер айда ашылатын осы медициналық мекемені мамандармен қамтамасыз етуге әрекет жасап жатыр. Алайда, бұған дейін де өңірде 200-ге жуық дәрігер тапшы болған көрінеді.

Біздің міндетіміз осы жаңа инфекциялық аурухананы дәрігерлермен, орта және кіші буын медициналық мамандармен қамтамасыз ету. Жуықта өңірге медициналық университеттерді бітірген 85 түлек келеді. Олардың жергілікті медицинаға үлесін қосып, өңірге қызметке тұруына жағдай жасап жатырмыз. Сондай-ақ, 11 резидент дайын. Олардың ішінде реаниматолог, анестезиолог, пульмонолог, инфекционистер бар. Дәрігер тапшылығы аймақта жылдар бойы қордаланған мәселе. Оны шешуге біраз уақыт кетеді, - дейді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асхан Байдувалиев.

Жалпы Атырау облысындағы денсаулық сақтау саласында 1900-ге жуық дәрігер, 5 мыңнан астам орта және кіші буын медициналық маман бар. Басқарма басшыларының айтуынша, кадр тапшылығын шешу мақсатында медициналық мамандықтарға жергілікті әкімдіктің гранттарын көбірек бөліп жатыр екен.

Айта кетейік, Атырау қаласындағы модульді инфекциялық аурухананың құрылысы жуықта басталды. 200 орындық емдеу мекемесі қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы