Атырау дәрігерлері қызылшамен күресті жіті бақылауға алған

12 Сәуір 2019, 16:30
2193
Бөлісу:
Атырау дәрігерлері қызылшамен күресті жіті бақылауға алған

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері облыста қызылшамен ауырған болуы мүмкін деген күдікке ілінген тұрғындардың саны 700-ге жуықтап, олардың 200-ден астамы зертханалық жолмен дәлелденіпті. Ауруға шалдыққандардың 80%-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Аталған дерттің алдын алу мақсатында құрылған штаб өкілдері қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде бас қосты. 

Оларға сенсек, сәуірде қауіп-қатер тобында тұрған, яғни 9-10 айлық балаларға, 40 жасқа дейінгі медицина қызметкерлеріне, науқаспен қарым-қатынаста болған 30 жасқа дейінгі азаматтарға, сондай-ақ екпені бір рет алғандарды ақысыз түрде вакцинациялау жұмыстары басталыпты.  

«Қызылша дертін жұқтырғандардың 80%-ы - балалар.  Оларға түрлі себептермен екпе салынбаған. Оның ішінде ата-анасы бас тартқан балалар да кездеседі. Сондай-ақ, арасында  медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты, вакцина салдырмағандар да болды. Егілмегендердің қатарында, вакцинациялауға жас шамасы жетпеген 1 жасқа дейінгі балалар бар. Осы жағдайды сараптай келе, біз нәрестелерді вакцинациялауды енді 9-10 айынан бастаймыз деп шешім қабылдап отырмыз. Қазіргі таңда облыстағы балалардың 30%-ына екпе салынды», - деді  Атырау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Темірбек Мұсағалиев 

 Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандарының айтуынша, медицина саласындағы қызметкерлерге екпе салу жұмыстары шағын аудандарда мардымсыз жүргізіліп жатқаны байқалады. 

Еске сала кетейік, Атырау өңірінде 3000-ға жуық адам түрлі себептерге байланысты екпеден бас тартқан.

Өзгелердің жаңалығы