Атырау аумағы ұлғайып барады

26 Сәуір 2021, 19:29
3006
Бөлісу:
Атырау аумағы ұлғайып барады

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау қаласының аумағы кеңейіп келеді. Облыс орталығы 16 мың гектардан 46 мың гектарға дейін ұлғайған.

Кешенді қала құрылыстық экологиялық бағалау негізінде бас жоспарда Атырау қаласының аумақтық даму нұсқалары орындалып, нәтижесінде қаланың солтүстік бағытта, яғни Талғайран ауылына қарай дамуы таңдалды. Атырау қаласының өсу бағытына сәйкес, Талғайран ауылы маңынан 2018 жылы 100 гектарға және 2019 жылы 1300 га жерге егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жасақталды. Тұрғын аумақта 110 000 адам қоныстануға мүмкіндік бар. Аталған жобаны іске асыру мақсатында бүгінгі күні 24 үйдің құрылысы жүргізілуде. 46 үйдің жобасы, 280 орындық 2 балабақша және 900 орындық мектептің жобасы дайын. Жобаға сәйкес, қаланың құрамына 18 ауыл, соның ішінде қала маңындағы 16 елді мекен және Махамбет ауданының 2 ауылы енгізіліп, облыс орталығының қазіргі аумағы 16566 гектардан 45871,0 гектарға дейін ұлғаяды, яғни қаланың аумағы қосымша 29305 гектарға өсуі болжанып отыр, - дейді Атырау облысы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Гүлбаршын Арыстанова.

Сонымен қатар Атырау жолдарын кеңейту жұмыстары да жалғасып жатыр. 

Басқарма басшысының айтуынша, бұл жоба өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, ауыр жүк көліктерінің қозғалысын реттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ шаһардың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында кейбір кәсіпорынды көшіру жоспарланған.

Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында, мұнай және мұнай өнімдеріне арналған вагондарды жөндеумен және жуумен шұғылданатын кәсіпорындарды, сондай-ақ қалған жөндеу-жуу станциялары мен бір мұнай базасын жаңа алаңға, шығысқа қарай Теңдік станциясы аумағына көшіріп, босаған жер учаскелерін көгалдандырып, парк аймақтарын құру ұсынылды. Бас жоспарда қаланың төңірегі мен алқапты аумақтарда қазіргі бар жасыл ағаштарды барынша сақтай отырып, рекреациялы мақсаттағы нысандарды дамыту, түрлі мақсаттағы жасыл желектердің жаңа жүйесін құру ұсынылған, - дейді Гүлбаршын Арыстанова.

Өзгелердің жаңалығы