Атты тур. Жетінші күн. Бұқар бабаның басында

3 Шілде 2019, 17:33
8756
Бөлісу:
Атты тур. Жетінші күн. Бұқар бабаның басында
PHOTO
Фото: автордан

Жол-жөнекей, BAQ.KZ тілшісі. 27 маусым, бейсенбі. «Киелі Қазақстан» экспедициясы да аяқталуға жақын. Бүгін жетінші күн. Алла деп атқа қонып, Жаңатілек ауылына жол тартпақпыз. Жолда Бұқар жырау бабамыздың басына құран бағыштау ойда бар.

Мұса Шорманов ауылының аңқылдаған азаматтары таңнан тұрып, атымызды ерттеп, асымызды қамдап қойған екен.

Күннің бұлттанғанына да қарамастан Семізбұғы, Қараши, Керегетас, Баянтауы бағытына жолға шықтық.

IMG_2126.jpg

Ауылдан 10-12 шақырым шыққанда алдымыздан екі қарайған көрінді. Мұндайда көзі қырағы Дмитрий Ругис екі балбал тас тұрғанын айтты. Және өзі қашанғы әдетімен елден бұрын барып сынтастарды суретке түсіріп алды.

«Ұлытау өңірінде мұндай балбалдар көп. Балбалдың бір ерекшелігі барлығы шығысқа қарап орнатылады. Суретке таңғы уақытта не күн бұлтты болып тұрғанда түсірген жақсы» - дейді кәнігі фотограф.

IMG_2132.jpg

Осы орайда балбалтасты фотоға түсірудің шебері, «Балбалтас» атты жинақтың авторы Ерлан Қариннің Моңғолиядағы, Қытайдағы, Қазақстандағы, тіпті Жапониядағы балбал тастардың бетіне қашап салған бедердің ұрғылау саны (қашау ізінің) бірдей болатыны жайлы айтқаны есімізге түсті.

IMG_2117.jpg

Бұқар бабаның басына бет түзегенде алдымыздан шыққан көненің көзіндей балбалдарға тәу еткендей бір айналып шықтық та, бағытымызды түзедік.

Осы балбал басында тұрғанда артымыздан кәнігі шабандоз, ат бапкері, өзі сері, өзі табиғат қорғаушы Бақытжан Жүнісов бір шәкіртімен келіп қосылды.

IMG_2138.jpg

Сонымен Керегетасты бөктерлеп, Бұқар жыраудың кесенесіне қарай сыдырта жөнелдік. Топ алдында Сұлусарының сылқым аяңымен келе жатыр едік, ат құлағын тігіп, алдыға қарай қалды. Біз де назар аудардық. Қозықасын ерткен аққұйрық арқар Керегетастың қайқаңына қарай ысқыртып барады екен. Мойнымыздан аппаратты алып, фотоға түсіремін дегенше бұйратқа кіріп, көзден ғайып болды. «Ұялған тек тұрмас» дегендей, қозықалы арқар кеткен бағытты бір «шырт» еткіздік те қойдық.

wbDxegTw.jpeg

Жасұлан әнші алдымыздан арқар қашқанын жақсыға жорыды.

IMG_2139.jpg

Түскі астың уақытында Бұқар жыраудың кесенесінде баба аруағына құран бағыштадық. Іштей қазақтың сол кездегі жақсы-жайсаңының барлығы Түркістанға жерленгенде, Бұқар бабамыз неге Далба тауында дамыл тапты екен деп ойлап қойдық.

IMG_2255.jpg

Алда ең қиын асулардың бірі қалды. Ол Бұқар бабаның басынан тіке тартып, Жаңатілек алқабына түсетін Баянауыл тауының бір сілемі. Сұлусарыны еркіне жіберіп, тас-тастың арасынан жол тауып өтуіне бар жағдайды жасап бақтық.

Күн ыстық. Осы жерде бір қызық болды. Берік Ақылбеков ағамыздан басқамыз әжептәуір күліп, жырғадық, ал Берік аға ашуланды.

4wkc_lRa.jpeg

Ол оқиға былай болды. Барлығымыз таудан аман-есен түсіп, жазыққа жеткенбіз. Тау ішіндегідей емес, жазықта жел қатты соғып тұр екен. Бір кезде Дугластың бас киімін жел ұшырып кетті. Ал америкалық қонағымыз Принцтің үстінде тұрып, жерде жатқан баскиімін іліп алмақ болып еңкейді. Принц, осы жолда мінілген аттардың ішіндегі ең биігі. Онымен кәнігі шабандоз атанып жүрген Бақытжанның өзі жерден ештеңе іліп ала алмас еді.

Солай жерге ұмтылып жатқан Дуглас тоқтап тұрған аттан ауып түсті де қалды. Біз ду күлдік. Принц желе жортып біздің қасымызға келді. Дугластан кейін келе жатқан Берік аға ат қашып кетеді деп алаңдап, бізге ұрысты. Ал жерден «теңге ілмек» болған қонағымызды осы оспадарсыздығы үшін ертең Шалқасқаға мінгізетін болды.

Осы бір шағын көрініс барлығымыздың көңілімізді сергітіп жіберді. Әрине, біз өзге елдің азаматының алаңғасарлығына және оның бізге «жезде» екенін ескеріп күлдік. (ескерте кетейік, Дугластың жұбайы қазақ қызы. Жақында ғана Томирис деген қызды болған еді).

WhatsApp Image 2019-07-02 at 15.57.32.jpeg

Сонымен Дуглас жездейдің әрекетіне күле отырып Жаңатілек ауылына жеттік. Шағын ауылға су тарту мақсатында ауыл ішін қорыс-қопа қазып тастаған екен.

WhatsApp Image 2019-07-03 at 16.42.44.jpeg

Ауыл әкімі бір үйде ас дайындап, аттарға орын қамдап қойыпты. Кешкі әңгіменің қызығымен түнгі 1-ге дейін дуылдасып отырып, кеш жаттық. Ертең соңғы сапар. Небары 45 шақырым жүрсек әйгілі Жасыбай көліне де ат тұмсығын тірейтін боламыз.

Құрметті оқырман, 21-29 маусым аралығында өткен "Киелі Қазақстан" экспедициясының күнделік-барысын атпен жүрген уақытта интернет желісінің және байланыстың нашарлығына байланысты Нұр-Сұлтан қаласына жетіп алған соң беріп жатқаным үшін журналист ретінде кешірім сұраймын. Дегенмен, сапар барысын толықтай оқитын боласыздар (автор).

Алғашқы күннің қорытындысы мен екінші күннің қызықтарын және үшінші күн мен төртінші күнніңбесінші күннің, алтыншы күннің жолжазбасын осы жерден оқыңыздар.

Өзгелердің жаңалығы