Салт аттылар клубының маусымашар сапары өтеді

3 Маусым 2020, 21:20
3201
Бөлісу:
Салт аттылар клубының маусымашар сапары өтеді
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылдың 5-7 маусым аралығында Қорғалжын-Бозоқ бағытында салт аттылар сапары өтеді.

Жобаның басты мақсаты - биылғы коронавирус індеті жағдайында еліміздің ішкі туризмін насихаттау, Қазақстанның тарихи жерлерін таныстыру арқылы жылқы туризміне қызығушыларға мүмкіндік жасау. Атқа міну мәдениеті – қазақ халқының қанына сіңген, өмірлік серігіне айналған үрдіс. Экспедиция нәтижесінде еліміздің табиғи нысандары бойынша жаңа туристік бағыттар жасалып, GPS координатаға жаңа нүктелер түсірілетін болады - дейді ұйымдастырушылар.

Биылғы жылдың маусымашар сапары "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "QazaqGeography" республикалық қоғамдық бірлестігі мен At-travel.kz клубының ұйымдастыруымен өтеді. Үш күнге жалғасатын сапар барысында Қорғалжын табиғи қорығының аумағын аралау, 120 шақырымға созылатын Қорғалжын-Бозоқ бағытын атпен жүріп өту жоспарланған. 

Сапарға At-travel.kz клубының басшысы Берік Ақылбеков жетекшілік етеді.

Сонымен қатар салт аттылар сапарына Қанат Бейсеков (Ақмола облысы), Сергей Корносенков (Мәскеуден), Темірбек Аманжол (елорда), Қайрат Әділкешов (елорда), Дидар Оралбекұлы (ШҚО-дан), Мерген Тоқсанбай (Ақмола облысынан), Ержан Жаубай (елорда) қатарлы азаматтар қатысады.

Биыл клуб мүшелері алдағы уақытта Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Нұр-Сұлтан – Жидебай бағытына 1000, Алтын Орданың 750 жылдығына орай Ұлытау – Нұр-Сұрсұлтан бағытына 750 шақырым жол жүруді жоспарлап отыр.

Салт аттылар сапарының ақпараттық серіктесі BAQ.KZ ақпарат агенттігі және  Argymaq.kz ұлттық танымдық порталы.

Айта кетейік, алдағы уақытта сапар барысы туралы жолсапар очерктерін ұсынатын боламыз. 

Өзгелердің жаңалығы