Бас жаңалықтар
Атеросклероз ауруы туралы не білеміз?
08 Сәуiр 2021, 11:18 209

Атеросклероз ауруы туралы не білеміз?

Алматы, BAQ.KZ. Кардиолог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлнар Оспанова атеросклероздың профилактикасы туралы айтты.

Атеросклероз – созылмалы өршіп отыратын, артерияларды зақымдайтын аурудың түрі.  Олардың қабырғаларына майға ұқсас заттар, ең алдымен  холестерин кіреді. Біртіндеп май мен холестериннен тұратын атеросклеротикалық бляшкалар пайда болады. Атеросклеротикалық бляшкалар артерия саңылауларын бітейді. Артериялардың саңылаулары тарыла бастайды да, ол арқылы қан аз жүріп тіндері оттегі мен қоректік заттарды аз қабылдайды.


Егер осы артериялар өмірге маңызды ағзалар – жүрек, миға баратын болса, атеросклероз жүректің ишемиялық ауруын, миокард инфаргін, гипертонияны, инсульт пен шет тамырлары ауруларын тудырады, - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ бөлімше меңгерушісі Гүлнар Оспанова.
Атеросклероз көптеген адамдарда кездеседі, бұл ретте бұзылыстың дамуы адамдарда ерте жасында басталады.

Бала жасынан бастап-ақ қолқаның ішкі қабырғасында кейде холестерині бар липидті жолақтар байқалады. Аурудың дамуын жеделдететін және олардың симптомдары мен асқынуларының жылдам пайда болуына әкелетін атеросклероздың қауіп факторлары бар.

Гүлнар Ермаханқызының айтуынша, егер олардың алдын алып, емделетін болсақ, жүрек-тамыр ауруларының дамуына жол берілмейді. Аурудың ағымының еш симптомсыз болуына байланысты, атеросклероздың профилактикасын асқынуларға дейін ертерек бастаған дұрыс. 

Еңбек пен демалысты, сонымен қатар дене қимылының белсенділігін дұрыс ұйымдастырылуының маңызы зор, себебі атеросклероз аз қимылдайтын адамдарда байқалады. Сондай-ақ дұрыс тамақтанудың да зор маңызы бар. Тағам әртүрлі болып және ол жеміс-жидектер, көкөністерге мол болуы тиіс. Темекі шегу, алкоголь ішімдіктерін ішу секілді зиянды әдеттермен күресу қажет.

Атеросклероздың алдын алу шараларында ең алдымен тамырлардың зақымдануына бейім болатын артериялық гипертензия мен қант диабетін дер кезінде анықтау және олардың жүйелі емделуін бақылаудың маңызы зор.



Фото: дереккөз
Загрузка...