ШҚО-да жыл соңына дейін АӘК алушылар саны 55 мыңға жетуі мүмкін

7 Маусым 2019, 08:35
1831
Бөлісу:
ШҚО-да жыл соңына дейін АӘК алушылар саны 55 мыңға жетуі мүмкін

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдың соңына дейін атаулы әлеуметтік көмекпен 46 мың адамды қамту жоспарланған, алайда соңғы екі айдың ішінде оларды саны 49,5 мың адамға өскен.

Естеріңізге салсақ, биыл 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрі төлене бастаған болатын. Біріншіден елімізде кедейлік шегі көтерілді. Осыған орай, енді әр отбасының мүшесі, оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар мен 23 жасқа дейінгі студенттер ай сайын 20 789 теңге көлемінде төлемақы алуға үміт арта алады. Тағы бір айта кетерлік жайт, бұдан былай көпбалалы отбасыларға, мүгедектікке байланысты берілетін жәрдемақылар мен шәкіртақылар отбасының ортақ табысына саналмайтын болды.

«Атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге 7,1 млрд. теңге қарастырылса, оның 718,6 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен, ал 6,4 миллиарды республикалық бюджеттен бөлінді. 2019 жылдың соңына дейін ӘАК-пен 46 мың облыс тұрғынын қамту көзделген. Алайда соңғы екі айдың қорытындысында тағайындалған ӘАК 49,5 мың адамды қамтып қойды. Осы себепті Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қосымша қаражат бөлу жөнінде тапсырыс жолданды. Биыл жыл соңына дейін мұндай көмекпен қамтылатындар саны 55 мың адамға жетеді деп жоспарлап отырмыз», - деді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев.

Жауапты тұлғаның айтуынша, қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмекті облыстағы 9 519 отбасындағы 47 292 адам алып қойған. Төлемақыны тағайындау 1-нен 31 мамыр аралығында жүргізілгендіктен қалған, яғни 25-нен 31 мамыр аралығында жүгінген 625 отбасының 2 474 мүшесі төлемақыны 15 маусымға дейінгі аралықта толық алатын көрінеді.

Өзгелердің жаңалығы