Бас жаңалықтар
Атаулы әлеуметтік көмектің арқасында 8 баламды асырап отырмын – көпбалалы ана
PHOTO
24 Қыркүйек 2019, 10:15 3621

Атаулы әлеуметтік көмектің арқасында 8 баламды асырап отырмын – көпбалалы ана

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Атаулы әлеуметтік көмектің пайдасы тиіп жатыр, ол болмаса мына балаларыммен қайтіп күн көрер едім. Бұл туралы 8 баланы жалғыз өзі асырап отырған Мейрамкүл Бухарбаева BAQ.KZ тілшісімен тілдесу кезінде айтты.   

Көпбалалы ана 8 баласын жалғыз өзі асырап отыр. Жақында оған 179,5 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. 

Мейрамкүл сұқбат барысында АӘК-тен өзге үкімет тарапынан қандай көмек берілгенін де айтып берді. 

«Кішкентай егіз балам бар, олар желтоқсан айында екі жасқа толады. Үлкенім 18 жастан асты, қазір әскерде отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Аслан мен Жасұлан атты егіздердің алдындағы қызым 3 жасқа толды, қалған төртеуі мектепке барады. Егіздерімді босанып келген соң көп ұзамай күйеуім қайтыс болды», - деді көпбалалы ана.

Мейрамкүл көпбалалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмекке сәуір айында құжат тапсырған, нәтижесінде оған 179 500 теңге жәрдемақы тағайындалған.

«Көпбалалы аналарға берілетін көмек жайлы қыстан бастап естіп жүрдім, теледидардан жаңалықтардан да көп айтылып жатты. Барып білгенімде сәуір айынан бастап балалардың құжаттарын жинап әкелесің деді. Кейін құжаттардың барлығын өткізген соң 179,5 мыңдай атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Алайда үлкен ұлым 18 жасқа толуы себепті енді оған төлемейміз деді. Негізі қосып берсе жақсы болар еді, мектепке баратын балалардың оқу құралдары бар алатын, кішкентайлардың памперсі бар дегендей. Және бала ауырмай тұрмайды ғой, оған дәрі-дәрмек керек болады. Құжаттарды өткізгенде, алты айға деп есептеген. Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің қызметкерлері әр ай сайын үйге келіп қосымша табыс көзі бар ма деп тексеріп тұрады», - деді ол.

Көпбалалы ана сегіз баласымен күйеуі әскери қызметте жұмыс істеп жүргенде жұмыс орнынан берген бір бөлмелі жатақханада тұрып келген.  

IMG-20190923-WA0022(1).jpg

Көптен бері үй кезегінде тұрса да, онысы алға жылжымаған. Алайда асыраушысынан айырылған соң үкімет бірден уақытында жәрдемдесіп, осы жылдың наурыз айында екі бөлмелі пәтер беріпті.

«Күйеуім әскери қызметте жұмыс істегендіктен жұмысынан бір бөлмелі жатақхана берген. Қазір де балаларыммен осында тұрып жатырмын. Мұнда коммуналдық қызмет үшін жазда 25 мың, қыста 30 мың теңге төлейміз. Күйеуімнің көзі тірісінде үй кезегіне тұрған едік, дегенмен наурыз айында көпбалалы ана ретінде маған Шұғыла ықшамауданынан екі бөлмелі пәтер берді. Үйіміз толық бітпеген, ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізу қажет, оған жөндеу жасайтын қазір менде жағдай жоқ. Құдай қаласа келесі жылы сонда көшіп барамыз деп отырмыз», - дейді көпбалалы ана. 

IMG-20190923-WA0021.jpg

Сөз арасында ол атаулы әлеуметтік көмектің пайдасы тиіп жатқанын, ол болмаса мына балалармен қайтіп күн көрер едім деген күйзелісін де білдірді.

«Бұл көмек маған кәдімгідей тіреу болды. Күйеуім қайтыс болғалы көшеге шығудан қалдым. Балаларыммен үйдемін, жұмыс істеуге де шыға алмаймын. Туыстарым көмектесіп тұрды, бірақ әркімнің өз отбасы бар, күнде көмектесе бермейді ғой», - деді ол. 

Сондай-ақ, ол атаулы әлеуметтік көмекке қолы жетпей жүрген аналарға сабырлық танытып, құжаттарын сауатты етіп толтыруға шақырды.

«Қазір атаулы әлеуметтік көмекке қолы жетпеген көпбалалы аналар наразылық танытып, әкімдікке барып, талап қойып жатқанын теледидардан көріп отырамын. Олар да еріккеннен шықпайды ғой, проблемаларын жоғары жақ естісе дейді. Дегенмен, өзім сияқты көпбалалы аналарға сабырлық тілер едім. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, құжат қабылдайтындарға бәрін дұрыстап айтып, сауатты етіп толтырса, бәрі жақсы болады. Бәріміз пендеміз ғой, жағдайын айтса, ондағылар да қарайласып, құжаттың бәрін жылдам жасап береді деген ойдамын», - деді Мейрамкүл Бухарбаева.

IMG-20190923-WA0020.jpg

Сөз соңында 38 жастағы сегіз баланың анасы құлыншақтарын оқытып, жеткізсем, еліме елеулі азамат етіп тәрбиелеп шығарсам деген арманын білдірді.

«Бар тілейтінім осы балаларымды адам болып шығарып, оқытсам деймін, үлкен белестерді бағындырса деп армандаймын. Балаларым спортқа жақын, волейбол, футбол ойнағанды жақсы көреді. Қолына бояу алып сурет салғанды жақсы көретіндері де бар. Өз басым балаларым халыққа еңбек ететін мұғалім, дәрігер болса деп армандаймын. Бастысы денсаулық берсін балапандарыма», - деді көпбалалы ана.

Айта кетсек, елімізде атаулы әлеуметтік көмек 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап беріле бастады. Бұл көмекті жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын, яғни айлық табысы 20 789 теңгеден төмен отбасыларға беріледі. Оның ішінде кәмелетке толмаған балаларға 20 789 теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек төленеді.


Фото: дереккөз
Загрузка...