Бас жаңалықтар
Шымкентте 65 536 отбасы атаулы əлеуметтік көмек алды
09 Қазан 2019, 17:27 363

Шымкентте 65 536 отбасы атаулы əлеуметтік көмек алды

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте 2019 жылдың алғашқы тоғыз айында 65 536 отбасына атаулы əлеуметтік көмек тағайындалды.

Осылайша, атаулы əлеуметтік көмекке қол жеткізген шымкенттіктер саны 324 877 адамға жетті. Оларға 44,9 млрд теңге берілді. Бұл туралы Шымкент қаласының Жұмыспен қамту жəне əлеуметтік қорғау басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Мақпал Нұржауова хабарлады.

"Шымкентте атаулы əлеуметтік көмек алған отбасылардың 16,5 пайызы, яғни 10 813 отбасы шартсыз ақшалай көмек, ал қалған 83,5 пайыз – 57 723 отбасына шартты ақшалай көмек берілді. 11 920 отбасына атаулы əлеуметтік көмек беруден бас тартылды. 1 қазандағы жағдай бойынша, жыл басынан бері атаулы əлеуметтік көмекке бөлінген 22,3 млрд теңгенің 14,6 млрд теңгесі игерілді. Қабылданған өтініш саны 2018 жылмен салыстырғанда 6,9 есеге, яғни 10,8 мың өтінішке артты", - дейді Мақпал Нұржауова.

Мұнда айта кетерлігі, атаулы əлеуметтік көмек алушылардың арасынан табысын жасырған отбасылар анықталған. Дəлірегі 7596 отбасының табысын жасырғаны мəлім болып, 2 529 отбасына берілетін 1 530 млн теңгенің төлемі тоқтатылыпты.

"Табысын жасырған отбасыларға төленген қаржысының 70,6 млн теңгесі бюджетке қайтарылды. Бүгінгі таңға дейін 271 отбасына хабарландыру тараттық. Соның ішінде 3 отбасы 828,4 мың теңгені өз еркімен бюджетке қайтаырды. Бұдан бөлек, 5 мыңнан астам отбасының əлеуметтік төлемдерін қайта есептеп жатырмыз. Əзірге 4 255 отбасының төлемдерін қайта есептеп, тағайындалған сома көлемін 1 037,4 млн теңгеге кеміттік. Ең бастысы, атаулы əлеуметтік көмекті тағайындауда масылдыққа жол бермеуіміз қажет", - дейді Мақпал Нұржауова.

Айтуынша, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылғандай, АƏК тағайындау тетігін түзетуді жəне аз қамтамасыз етілген отбасылар тарапынан балаларға қосымша кепілдендірілген əлеуметтік пакетті ендіру тапсырылған.

"Негізгі ұстаным – мемлекет көмекке шынайы мұқтаж азаматтарға көмектесуі болып отыр. Мемлекет бірінші кезекте балаларға жəне көп  балалы отбасыларға көмектеседі. Көпбалалы отбасыларды жеке санатқа шығарып, оларға кепілдендірілген жəрдемақыны ұсыну қарастырылып отыр. Мұнда айта кетерлігі,"көпбалалы отбасы – аз қамтылған отбасы" деген таптаурын түсінікті алып тастаймыз. Бұл көп балалы аналардың материалдық жағдайына жəне əлеуметтік статусына қарамай, оның авторитетін мойындау болады. Елімізде бала туу көрсеткішін арттырады", - дейді ол.

Бүгінде Шымкент қаласы бойынша атаулы əлеуметтік көмек алатын отбасылардың 17 943-і (116 720 адам) көпбалалы отбасы санатына жатады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...