Атамекен ҰКП call-орталығына кімдер хабарласып жатқанын айтты
9 Қаңтар, 16:12 923

Атамекен ҰКП call-орталығына кімдер хабарласып жатқанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жедел желісі бесінші күн қатарынан жұмыс істеп тұр. ҰКП call-орталығы кәсіпкерлермен 24/7 режимінде байланыста отыр.

Кәсіпкерлер Ұлттық палатаның жедел желісіне ғимараттардың бүлініп, дүкендердің тоналғаны, қорғаныш терезелері, есіктердің қирағаны туралы хабарлап жатыр. Бизнесмендердің сейфтері мен мүлкі ұрланған. Кәсіпкерлердің айтуынша, қалада жағдай бақылауға алынғанға дейін ұрлық бірнеше рет қайталанған.

Соның ішінде Алматыда 6 қару дүкені тоналған. Көлік дистрибьютерлерінің бірі 5 жаңа көліктің ұрланғанын және кеңсенің өртелгенін жеткізді.

Сауда желілері қатты зардап шекті. Мародерлар дүкендерден барлық затты: алкоголь өнімдері, темекі заттары, ақша, алтын, киім және аяқ киім, техника, мобильді телефондар, азық-түлік өнімдерін алып кеткен. 

Сондай-ақ, НТК тәуелсіз телевизиялық арнасынан қоңырау түсті. Бүлікшілер олардың кеңсесін толық қиратқан. Тағы бір телеарна аппарат студиясының өртенгенін хабарлады. Кейбір кәсіпкер қалған тауардың жарамсыз болып қалғанын мәлімдеді. Өйткені оларға күйік пен ыс сіңіп қалған, сырты бүлінген.

Ұлттық палата кәсіпкерлерге қазір шығынды барынша фото және видеоға түсіріп алу керегін және шамамен шығын актін жасауды ескертеді. Сонымен қатар, қазір «Атамекеннің» өңірдегі палаталарының қызметкерлері зардап шеккен нысандарды барынша көзбен көріп, тіркеп жатыр.

 «Атамекен» ҰКП бірыңғай байланыс орталығына 6-9 қаңтар аралығында 2320 қоңырау түсті. Оның ішінде мародерлыққа қатысты 1227 қоңырау, форс-мажор 26, блокпостқа байланысты заңды тұлғалардан 2, жеке тұлғалардан 1052 қоңырау қабылданды. Қоңыраудың көбі Алматы қаласынан түсіп жатыр.

Call-орталығы - 1432


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...