Бас жаңалықтар
«Atameken CUP» жеңімпаздары анықталды
18 Мамыр 2021, 16:25 315

«Atameken CUP» жеңімпаздары анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен М. Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті бірлесе ұйымдастырған «Atameken CUP» республикалық пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары анықталды.

Сайысқа қатысқан командалар берілген тақырыптарды жан-жақты талдап, дайындығын ортаға салды. Сондай-ақ қатысушылар мұндай турнирді асыға күткенін атап өтті.

Мұндай пікірсайыстардың маңызы зор. Дебат үшін түрлі ақпарат жинап, жан-жақты білім аламыз. Сыни ойлау қабілетіміз дамиды. Бұған дейін университеттерде дебаттар өтетін. Бірақ осындай деңгейде өткізу үшін қаржыландыру жағы ақсап қалады. Сондықтан «Атамекен» ҰКП сияқты ірі компаниялар демеушілік еткені қуантады. Пікірсайысты жиі өткізу керек. Әлемдік университеттерде мұндай дебаттар дисциплина ретінде қалыптасқан. Біздің қоғамға да дебат керек. Мысалы, Парламент сайлауы, президент сайлауы кезінде кандидаттар дебатқа түсіп, позицияларын қорғады, ұсынысын айтты. Жастар қазірден бастап осындай дебаттарға қатысса, саяси ортаға шыққанда, тәжірибе жинап, дайын болып барады, - деді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс магистранты, «Парасат» пікірсайыс клубының мүшесі Әлжан Шәріпов.

Сонымен қатар пікірсайысқа төрелік еткен Айдын Жұманова қатысқан командалар мықты болғанын атап өтті.

Екінші жыл төрешілік етіп жатырмын. Бұған дейін өзім бірнеше жыл пікірсайысқа қатысқанмын. Төреші болу, ойыншы болуға қарағанда қиынырақ. Себебі ойыншы ойынға кірерде дайын болып келеді. Өзіңіздің идеяңыз болады, сол идеяны 7 минут бойы қорғап шығасыз. Ал төреші ойын басталған сәттен соңына дейін мұқият тыңдап, саралап отыру керек. Содан кейін талқылап, шешім шығару керек және оны дәлелдеу керек. Осы жарысқа мықты ойыншылар қатысты. Төрешілер құрамына келсек, бір клубтан емес, әр клубтан іріктеп шақырылған. Бұл да жаңа формат, сыни көзқарасты дамытады. Жалпы жақсы ойын болды, - деді жас төреші Айдын Жұманова.

Сонымен «Atameken CUP» республикалық пікірсайыс турнирінің финалистері:

«Кейін» командасы (Абылай Боранбай, Аружан Қайролла)

«Feel it still»  командасы (Дәулет Нұркен, Рахим Шахзадаев)

«Хикару Накамура» (Әлжан Шәріпов, Ерназар Тұрғазы)

«Atameken CUP» республикалық пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары:

«Мықтылар» (Мағжан Советбек, Еркебұлан Әріпбай)

Үздік спикер: Еркебұлан Әріпбай

Үздік төреші: Амангүл Достанова

Айта кетейік, турнирдің мақсаты – жастардың белсенді азаматтық көзқарасын қалыптастыру және жетілдіру. Сонымен қатар оларды бір ортаға жинап, идея алмасу және пікірсайыс мәдениетін дамыту, жастардың бойында адамгершілік пен толеранттылық сияқты ізгі қасиеттерді ояту.

Шараға еліміздің жоғары оқу орындарының пікірсайысшы студенттері мен түлектері – еліміздің 14 аймағынан барлығы 75 команда қатысуға өтініш білдірді, оның ішінен еліміздің әртүрлі ЖОО-ларынан (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Назарбаев университет, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Қарағанды техникалық университеті, Сүлеймен Демирел атындағы университет, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, «Болашақ» академиясы, Семей медициналық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті) 32 команда қатысу үшін іріктеліп алынды.

Турнир британиялық парламенттік форматта (БПФ) өтті және 4 іріктеу раунды, ¼  финал, ½ финал және гранд финал раундтары болды.

Бұл турнирді жылда өтетін дәстүрлі турнирге айналдыру ойда бар, келесі «Atameken CUP» республикалық пікірсайыс турнирін күзде қазақ және орыс тілінде өткізу жоспарланып отыр.


Фото: дереккөз
Загрузка...