Атамқұлов индустриялық жобалардан қандай нәтиже күтілетінін айтты

15 Қыркүйек 2020, 10:40
1119
Бөлісу:
Атамқұлов индустриялық жобалардан қандай нәтиже күтілетінін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде жүзеге асырылатын индустриялық жобалар толық қуатқа шыққан кезде өндіріс көлемі 3 млрд АҚШ долларынан асады деп күтілуде. 

Бұл туралы бүгін Үкіметтің онлайн отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті.

Бұл - теңгеге шаққанда 1,3 трлн. Бейбіт Атамқұлов биыл елде индустрияландыру картасы аясында 995 млрд теңгенің 206 индустриялық жобасы іске асатынын айтқан болатын.

Оның айтуынша жоба бойынша өндірілген өнімнің төрттен бір бөлігі экспортқа шығарылады. Бұл - шамамен 800 млн АҚШ доллары. 

Моноқалаларда жалпы сомасы 132 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске асырылып, 1 мыңнан аса тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Ағымдағы жылы ауылдық жерлерде жалпы сомасы 376 млрд теңгені құрайтын 77 жоба іске асырылып, 5 800  тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарда бар, - деді министр. 

Бұдан бөлек Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін шығару жоспарлануда. 

Олардың қатарында карьерлік және жол техникасының жаңа түрі, темір бетон өндірісі, тыңайтқыштар, комбайнның жаңа түрлері бар. Индустрияландыру картасының жобаларын табысты іске асыру, бізге өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың сапалы жаңа траекториясына шығуға мүмкіндік береді, ішкі нарықты толықтыру және экспортқа шығу жолымен ұлттық экономиканың өзіндік жеткілікті болуын қамтамасыз етеді, - деді министр.


Өзгелердің жаңалығы