Бас жаңалықтар
Кәсіпкерді тіркеу 1 сағат ішінде жүзеге асырылатын болады – депутат
17 Сәуiр 2019, 11:21 3386

Кәсіпкерді тіркеу 1 сағат ішінде жүзеге асырылатын болады – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыйбайлас жемқорлықты болдырмау және ірі кәсіпкерлік субектілерін тіркеуді жылдамту қолға алынады. Кәсіпкерді тіркеу электрондық өтініш берілген кезден бастап 1 сағат ішінде жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Майра Айсина ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында айтты.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өтіп жатқан Мәжілістің жалпы отырысында Майра Айсина ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстырды. 

Отырыс барысында Майра Айсина жаңа заң жобасы бойынша қызмет көрсетулерді үстіміздегі жылы 80%, келесі жылы тағыда 10% электрондық қызмет алуға жеткізетінін айтып өтті. 

«Заң жобасында сыйбайлас жемқорлықты болдырмау және ірі кәсіпкерлік субектілерін тіркеуді жылдамту қолға алынады. Кәсіпкерді тіркеу электрондық өтініш берілген кезден бастап 1 сағаттың ішінде жүзеге асырылатын болады. Қазір бұған бір күн кетеді», - деді ол. 

Сондай-ақ ол, заң жобасында әке болуды белгілеу мен асырап алуды мемлекеттік тіркеуден алып тастау көзделгенін жеткізді.

«Өйткені әке болуды белгілеу және асырып алу туралы шешімді сот тіркеуші органға электрондық түрде жібереді, бұл қағаздар айналымын едәуір қысқартып, бланкіге жұмсалатын шығындарды, адамдардың әртүрлі сатыға баруын азайтады. Бұған қоса асырып алу құпиясы сақталады. Себебі, асырып алу, әке болуды анықтау туралы куәлік бүгінгі таңда қолға берілмейді», - деді депутат. 

«Тағы бір мәселе, қазіргі кезде азаматтар тарапынан көптеген наразылық туғызатын әрі жиі кездесетін жағдай ол мемлекеттік органдардың шешімдері салдарынан мекенжай мен жылжымайтын мүлік деректерін өзгерту. Мысалы, мемлекеттік органдар шешімі бойынша көшенің атауы немесе үйлерді нөмірлері өзгеріп кетіп тұрғындардың өз құжаттарына өзгеріс енгізуіне тура келеді. Өйткені, ондай үйдің ондай құжаттарын банк те, нотариус те қабылдамайды. Бұған кемінде 10 жұмыс күні қажет болады. Алдымен Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы мекенжай туралы анықтама алып, кейін сәулет басқармасына жүгіну керек. Оған тағы 7 жұмыс күні кетеді. Одан кейін өзгерістерді тіркеуге тағы 3 күн кетеді. Заң жобасында мемлекеттік органдардың шешімі бойынша оның ішінде елді мекен көшелерінің атауын, сондай-ақ ғимараттар мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірі өзгерген кезде жылжымайтын мүлікті сәйкестендіру ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы автоматты түрде жүзеге асыруды көздейді», - деді ол. 

Сонымен қатар ол, түзетулер шеңберінде мемлекеттік қызметтер көрсету саласында «пилоттық жоба»  деген ұғымды енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді. 

«Бұл қандайда бір көрсетілетін қызметті жетілдірген кезде процестерді алдын ала сынақтан өткізуге, қызметтерді көрсету кезеңдерін түзетуге және әлеуметтік маңызды мәселер бойынша тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Бұған қоса заң жобасы тағы мынандай мәселелерді қамтиды, 200-ден астам мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрін оңтайландырады, электрондық ресурстардың жұмыс қабілеттілігі бойынша мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту, дербес деректерді қорғау мәселесі бойынша мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің жұмысына бақылау арттыру және салықтық рәсімдерде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мерзімі мен құжаттарды қысқартуды қамтиды», - деді Майра Айсина. 

Депутаттың айтуынша, бұл заң жобасы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді және алданы ала сараптама бойынша электрондық форматқа көшу арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің халыққа қолжетімділігін арттырады.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...