Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңадан ашылған жұмыс орындары мен тұрғындардың жалақысы – әкімдердің негізгі жетістігі

26 Сәуір 2019, 23:11
1898
Бөлісу:
Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңадан ашылған жұмыс орындары мен тұрғындардың жалақысы – әкімдердің негізгі жетістігі

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемен қаласы жұртшылығымен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстанды ел дамуының флагманына теңеп, өңірдің әлеуетін одан әрі арттыру жөнінде тапсырмалар берді.   

«Шығыс Қазақстан облысы еліміздің алдыңғы қатарлы индустриялық өңірі болып саналады. Сондай-ақ, ол біздің стартегиялық маңызды көршілеріміз Ресеймен және Қытаймен шекаралас орналасқан. Өткен жылы ғана бұл өңірде өнеркәсіп өнімдері 9,3% өскен. 2015-2018 жылдары аралығында «Индустриализация» бағдарламасы аясында 19 жоба іске асырылып, 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары пайда болды. Шығысқазақстандықтар тек өндіріс саласында ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру бойынша да жақсы көрсеткіштерге ие», - деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өскемен қаласында қоғам өкілдерімен кездескен жиын барысында.

Соңғы жылдары облыстағы медициналық мекемелердің барлығы дерлік заманауи құрылғылармен жабдықталғанын тілге тиек еткен ел басшысы медицина қызметкерлерінің де біліктіліктерін шетелдердегі оқу орындарында жетілдіргенін атап өтті.

«Өңірдегі орта білім ордалары да заман ағымынан қалыс қалған жоқ. Атап айтсақ, мектептер түгелге жуық зертханалармен және заманауи жабдықталған сыныптармен қамтылып, «Менің мектебім» бағдарламасы аясында толық кешенді ІТ және роботтехникалы сыныптар ашылды. Шығыс Қазақстан облысында бүлдіршіндер 100% мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Бұдан бөлек өңірде «Киелі Қазақстан» бағдарламасы аясында археологиялық зерттеулер де қолға алынған. Жалпы айтқанда облыс негізгі салалар бойынша орасан жетістіктерге жеткен өңір», - деді Президент.

Өңірдің негізгі жетістіктерін облыс әкімі Даниал Ахметовтың еңбегімен байланыстырған Касым-Жомар Кемелұлы аймақ басшыларын бағалаудағы негізгі қағидалар ретінде олардың жасаған жұмыс орындары мен тұрғындардың жалақысы екенін алға тартты. Орта бизнесті дамытуды қажет деп санаған Президент негізгі назарды осы саланы дамытуға салуды тапсырды.

«Экономиканың, әлеуметтік саланың дамуына пайдасы тимейтін бағдарламаларды жабу керек. Жергілікті жерлерде сервистік қызмет көрсететін компаниялар құруға жағдай жасап, орта және шағын бизнестің инфрақұрылымға деген қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, адамдардың өмір сүру ортасын жайластыру керек. Бүгінде облыстағы елді мекендердің 54 пайыздан астамы ғана таза ауызсумен қамтылған. Бұл көрсеткішті 2020 жылға қарай 80 пайызға жеткізу қажет. Үшіншіден, өңірдің туристік әлеуетін арттыру керек. Бүгінгі таңда мемлекеттік туризмді дамыту бағдарламасындағы ең тартымды он туристік орталықтың біріне Шығыс Қазақстанның Алакөл аймағы енген», - деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, өңірдің экологиялық жағдайына көңіл аударуды баса айтқан Президент ел Үкіметі мен облыс әкімдігіне үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып қажетті бағдарламалар жасауды тапсырды. Атаулы әлеуметтік көмектің тұрғындарға еш кедергісіз жеткізілуін, тұрғындардың қауіпсіз әрі үйлесімді өмір сүруі үшін олардың қажеттіліктерін дер кезінде анықтауды тапсырған ел басшысы мемлекеттік орган басшыларының әлеуметтік желілердегі халықтың мұң-мұқтажына көбірек көңіл аудару қажеттігін айтты.

 

Өзгелердің жаңалығы