Тоқаев Павлодар облысындағы Қазақстан электролиз зауытының жұмысымен танысты

27 Сәуір 2019, 13:04
2205
Бөлісу:
Тоқаев Павлодар облысындағы Қазақстан электролиз зауытының жұмысымен танысты
Фото: автордан

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріне жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Қазақстан электролиз зауытына ат басын тіреп, жұмыскерлермен кездесті.

Қазақстан электролиз зауыты бір жылда алюминийдің 250 мың тоннасын өндіреді. Бастапқы қанатты металл Қазақстаннан Ресей, Беларусь, Түркий, АҚШ, Болгария және тағы көптеген мемлекеттерге экспортталады. Халықаралық стандарттарға сай келетін сапалы өнім өндірісінде 2500-ден астам азамат еңбек етеді.

Кәсіпорын ардагерлері және еңбек ұжымдарымен кездескен Президент облыс билігіне ауылдарды таза ауызсумен қамту, экологиялық хал-ахуал және жастарды қолдау мәселесіне баса назар аударуды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті жерлерде мемлекет қаржысын тиімді жұмсау керектігін алға тартты.

Елбасы Павлодар облысы - халықты ауызсумен қамту бойынша төмен көрсеткіштерге ие аймақ екенін еске салып, елімізді бұл мәселені шешуге жыл сайын 2,7 млрд теңге жұмсалатынын жеткізді. Дегенмен, бұл қаражат тиімсіз жұмсалып жатады. Мемлекет басшысы бұл проблема жуық арада шешілетінін мәлімдеді.

Павлодар облысы Ертіс өзенінің бойын жайласа да, тіршілік нәрінен таршылық көріп жатқан ауылдар бар. Бүгінде бұл аймақтағы 365 елді мекеннің 30%-ға жетер-жетпесі таза суға қол жеткізген. Бұл көрсеткіш бойынша Ертіс өңірі өзге облыстарға қарағанда көш соңында.

Жалпы, өңірде 2020 жылға дейін «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 100 ауыл орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады деген жоспар бар. Бүгінде Павлодар облысында халықты сапалы ауызумен қамту мақсатында 37 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 23 мың тұрғын таза тіршілік нәріне қол жеткізеді. Мамандардың айтуынша, бас-аяғы су құбырының 400 шақырымы тартылады. Бұл 40 мыңнан астам тұрғынның ауласына су құбыры тартылады деген сөз.

 

Өзгелердің жаңалығы