Бас жаңалықтар
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы ауылына жұмыс сапарымен барды
20 Сәуiр 2019, 15:12 824

Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы ауылына жұмыс сапарымен барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында инженерлік-көліктік инфрақұрылым ахуалымен танысып, жергілікті су тарату станциясын аралап көрді. Қазақстан Президентіне сумен және электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесін шешу жөніндегі тапсырманың орындалуы туралы баяндалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Р.Қошқарбаев атындағы №1 орта мектепке барды. Мемлекет басшысы мұғалімдермен және оқушылармен әңгімелесу барысында сапалы білім алу үшін елде барлық қажетті жағдай жасалғанын айтты.

Қазақстан Президенті ауыл тұрғындарының саны жылдам өсіп келе жатқанын, аталған жағдай азаматтардың тұрмыс сапасына кері әсер етпеуі керек екенін айтты. Үшауысымды мектептердің мәселесін шешуге бағытталған шараларға ерекше назар аударды.

«Біз бұл мәселені жақсы білеміз және Қосшы ауылында 1200 орындық мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Тиісті қаражат бөлінді. Аталған мәселе менің бақылауымда болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл елді мекеннің халқы ресми есептелген межеден көп артып кеткенін айтты.

«Статистикалық мәлімет бойынша кент 16 мың адамға есептелген, бірақ іс жүзінде 50 мыңнан астам халық тұрады. Бұл ауданның әлеуметтік саласына үлкен салмақ түсіреді. Аталған мәселені облыс басшылығымен талқылап, жүйелі түрде шешетін боламыз», – деді Қазақстан Президенті.

Сапар қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкімет пен Ақмола облысының әкімдігіне кемшіліктерді қалпына келтіруге және ауылды одан әрі дамытуға нақты тапсырмалар берді.


Фото: дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық