Бас жаңалықтар
Астық экспортын арттырмай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес
18 Қыркүйек 2020, 09:01 138

Астық экспортын арттырмай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміз келешекте астықты шикізат емес, өңдеп экспорттайтын болса, қыруар табысқа кенеледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында осыған ерекше көңіл бөлді.

Қазақстандық егіншілер гектарына 15-20 центнер өнімділікті қанағат тұтып жүр


Президент, сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін де айтып, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыруға тапсырма берді. Елімізде бұл міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Өзбекстан бізден астық сатып алып, ұн тартып, оны өзге мемлекеттерге үш есе қымбатқа өткеріп, қыруар табысқа кенелуде.

Әлемдік БАҚ дерегінше, бүгінде жер бетіндегі қырыққа жуық мемлекет азық-түлік тапшылығын бастан кешіріп отыр. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымы дүниежүзінде астық бағасының қымбаттайтынын хабарлады. Қазақстан – ұлан-байтақ жері бар, аграрлық әлеуеті орасан мемлекеттің бірі. Еліміз үшін халық шаруашылығының басқа салаларына қарағанда астық өндірісімен айналысу тиімді әрі қолайлы. Оны өсіруде жинақталған мол тәжірибе бар. Бүгінде Қазақстанның шетелдерге экспорттайтын тауарларының арасында астықтың үлесі 42%-ды құрайды.

Алайда, қазақстандық егіншілер әр гектар алқаптан алған 15-20 центнер астықты әлі күнге қанағат тұтып жүр. Ал нарық заңы аз шығынмен көп табыс табуды талап етеді. Астық өсіруде жаңа технологияны кеңінен енгізген Франция мемлекеті масақты дақылдардың әр гектарының өнімділігін 90 центнерге жеткізген. Халықаралық баспасөзде Ресейде бір фермер дәнді дақылдардың бір гектарынан 120 центнер дән алғаны туралы жазылды. Ресейлік біраз ғалымдар масақты дақылдың әр гектарынан 150 центнерге дейін өнім алуға болатынын жазып жүр. Біздің жеріміздің құнары басқалардан кем емес. Агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтерсек, оған біздің де қол жеткізеріміз сөзсіз. Бұған өтен жылы бірқатар алқаптан 70 центнерден дән жинаған Жамбыл облысы Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» ЖШС тәжірибесі дәлел.


Жүздеген мың гектар жеріміз сортаңданған


Әлемде астыққа деген сұраныс артып келеді. Еліміз егін өсіруді дұрыс жолға қойса, осы саладағы әлеуетін толық пайдаланса, көп ұзамай бәсекеге қабілетті мемлекеттің біріне айналары сөзсіз. Ол үшін әуелі осы салада қордаланып қалған көп проблемаларды шешу керек. Жердің жүйесіз пайдаланылуынан елімізде егістіктің құрамындағы құнары 30%-ға дейін азайып, 60%-ы деградацияға, яғни азып-тозуға ұшыраған. Бұл – сала мамандарының пікірі. Сортаңданған жүздеген мың гектар алқап айналымнан шығып, арамшөп басып, шегіртке ұялап жатыр. Демек, бүгігі таңда сортаңданған жерді қалпына келтіру, оның құнарлылығын арттыру – бірінші кезектегі міндет болып отыр.

Ғалымдардың пайымынша, сортаңданған жерді қалпына келтірудің бірнеше жолы бар. Солардың бірі – ол жерге дренаж жүргізу. Әлбетте, оны жүзеге асыру көп жұмыс пен қаржыны талап етеді. Сортаңдану салдарынан егістіктен алынар өнім төмендеп, талай шаруа тақырға отыруда. Ондай жерлерді химиялық жолмен қалпына келтіруге болады. Ол үшін Ресей, Үндістан, Испания, АҚШ және Венгрия мемлекеттері фосфор тыңайтқыштарының қалдықтарын, яғни фосфогипсті кеңінен қолданады. Оны қолдану әдісі де қарапайым. Сортаңданған алқаптың әр гектарына 40 тоннадан фосфогипс енгізіліп, ол жер жыртылады. Фосфогипс топырақтың астына түседі. Соның нәтижесінде жер асты суы көтерілгенде екі ортада пленка сияқты қабат түзіледі. Фосфогипс суды жоғары өткізбейді әрі тыңайтқыш болады.

Бізде сортаңданған жерді осындай тәсілмен қалпына келтірудің орасан мүмкіндігі бар. Тараз қаласындағы химия зауыттарының жанында ондаған жылдардан бері жиналған 12 млн тоннадан астам фосфогипс таудай болып үйіліп жатыр. Кәдеге аспай жатқан ол қала мен айналасындағы елді мекендердің экологиясына орасан зардабын тигізуде. Кәсіпорын басшылары оны арзан да қолайлы бағаға шаруаларға бергісі келмейді. Егер ол ел керегіне жаратылса, үлкен мәселе шешіліп, еліміздегі егін шаруашылығы тың серпінмен өркендер еді. Бұл мәселенің көтеріліп келе жатқанына біраз уақыт болды. Әйтсе де нәтиже жоқ.


Жамбылдық дихандар жаңашылдыққа бет бұруда


Жамбыл облысы егін шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір дедік. Диқандардың астық өсіруде тәжірибесі мол. Олар осыдан 25-30 жыл бұрынғы кеңестік кезеңдегі байланыстардың үзілуіне байланысты өсірген астықтарын өткере алмай қиналғандарын әлі ұмыта қойған жоқ. Соның салдарынан фермерлердің дәнді дақыл өсіруге деген ынтасы кеміді. Масақты дақылдардың егіс алқабы азайды. 2000-жылдардың басында облыстың бір жылда 100 мың тонна ғана дән жинаған кезі де болды. Кейінгі кезде астыққа сұраныс артуына байланысты бұл шаруа қайта қарқын алды. Өткен жылы аймақта 700 мың тоннадан астам арпа мен бидай жиналса, биыл бұл көрсеткіш 816,6 мың тоннаға жетті. Бізде бұл салада іске асырылмай жатқан резервтер мен мүмкіндіктер көп. Егер олар іске қосылса, 1 млн тонналық межені бағындыруға болады.

Бүгінде ауылдықтарға астық өсіріп те тұрмыстық жағдайын жақсартуда. Қазір олар өсірген өнімдерін қалай, қайда өткереміз деп алаңдамайды. Нарықта сапасына қарай бір тонна бидай 80-85 мың, ал арпа 60-65 мың теңгеден өткерілуде. Астық негізінен ішкі нарықпен қатар Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттеріне шығарылуда. Мамандар арпа-бидайға алдағы уақытта сұраныс артатынын, бағасы да өсетінін нық сеніммен айтады.

Агротехникалық шараларды сақтамай біз мол өнімге қол жеткізе алмаймыз. Егістікті арамшөптен арылтып, құнарын сақтаудың бір жолы – ауыспалы егіс жүйесін қолдану, пардың үлесін 20%-ға дейін жеткізу. Ал бізде пар үлесі 15%-ға да жетпейді, – дейді Жамбыл облысы әкімдігі Ауыл шаруашылығы басқармасының егін және су шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкір Момынқұлов.


Ұсақ агроқұрылымдарды ірілендірмей, ілгерілемейміз


Сапалы тұқым – мол өнім кепілі. Бұл бағытта облыста елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Аймақта соңғы жылдары 7 элиталы тұқым өсіретін және 9 репродукциялы шаруашылық құрылған. Олар өздерінде өндірген элиталы және өнгіштігі жоғары тұқымды облыстағы, сондай-ақ өзге өңірлердегі шаруашылықтарға өткеруде. Шаруа осындай аттестатталған құрылымдардан тұқым алса, мол өнімге кенеледі әрі олардан алған тұқымына мемлекет субсидия төлейді. Мәселен, Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланыста жұмыс істейтін, элиталы тұқым шаруашылығын құрған Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» ЖШС жыл сайын дәнді дақылдардан тұрақты жоғары өнім алып келеді. Биыл агроқұрылым 2500 гектар арпа және бидай алқабынан орта есеппен 28 центнерден дән жинаған.

Қазір барлық ауданда тұқым сапасын және оның өнгіштігін тексеретін зертханалар бар. Олар шаруа қожалықтары әкелген материалды тегін тексеріп, анықтама береді. Өкінішке қарай, әлі де көп диқан тұқымдық материалды зертханада тексертпей себеді. Соның салдарынан алқаптан аз өнім алып өкініп жүргендер аз емес, - дейді Жамбыл облысы әкімдігі Ауыл шаруашылығы басқармасының мемлекеттік астық және тұқым инспекциясының бас маманы Айгүл Тауасарова.

Аймақта 18 мыңнан астам шаруа қожалығы тіркелген. Агроқұрылымдардың көпшілігінің жері болғанымен, техникасы жоқ. Бар техниканың өзі ескі. Шаруалардың қаржылық жағдайына қарай оларды жаңарту баяу жүргізілуде. Егін жинайтын жаңа комбайндардың бағасы қымбат. Дән бастыру кезінде ескі техника көп астық шығынына жол береді әрі науқан созылып кетеді.

Агроқұрылымдар техниканы жаңартпай мол өнім ала алмайтынын түсінді. Облыста 2018 жылы техника – 5, 2019 жылы 7%-ға жаңарды. Биыл бұл көрсеткішті 10%-ға жеткізу көзделуде. Инвестициялық бағдарлама бойынша шаруа алған техника құнының 25%-ын мемлекет субсидиялайды. Қазір олар оны 50%-ға көтеруге ұсыныс жасауда. Уақыт ұсақ агроқұрылымдарды ірілендірмей, ілгерілемейтінімізді көрсетіп отыр. Кооперативтерге бірігу баяу. Елімізде шаруа қожалықтарын шоғырландыру үшін «Агрохолдинг» бағдарламасы қабылданды, - дейді Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы астық, тұқым және техника бөлімінің басшысы Баймахан Пірімбаев.

Астықты экспортқа шикізат күйінде емес, өңдеп өткерген тиімді де табысты екені айтпаса да түсінікті. Мемлекет басшысы таяудағы Жолдауында елімізде өңделген өнімнің үштен екісі шеттен жеткізілетінін аса алаңдаушылықпен айтты. Біздің әлеуетті кәсіпкерлеріміз енді осыған мән беруі керек.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...